сәрсенбі, 25 желтоқсан, 2024 22:04

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Баспаналы болам десеңіз...

Баспаналы болам десеңіз...
ашық дереккөзі
Баспаналы болам десеңіз...

Баспанамен қамту саласында түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, азаматтарға берілетін ипотекалық несиелердің саны артқанымен, үйлі болу қазақстандықтар үшін әлі де өткір мәселе саналады. Әсіресе қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде пәтер құнының алғашқы жарнасын жинап, ипотекалық несие арқылы баспаналы болуы бақыты екінің біріне бұйырмай тұрған-ды. Бір үмітпен әр таңды атырып баспанасыз жүргендердің дені былтыр «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарапатын сезінгенінен көпшілік хабардар. Әлеуметтік осал топқа арналған алғашқы жарнасы небәрі 10 пайызды құрайтын бағдарлама арқылы баспананың кілтіне ие болуға ниеттілердің кейбірінің тауы дәл осы 10 пайыздық алғашқы жарнаға келгенде шағылды. Әйтсе де Үкімет тарапынан азаматтардың жекелеген санатына тұрғын үй сертификаттарын беру үйлі болғысы келгендердің кеудесіндегі үміт отын қайта жақты.

Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та баспанамен қамту ісіне айрықша назар аударып, мемлекет тарапынан өз бетінше баспана мәселесін шешуге табысы жетпейтін азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетілетінін тілге тиек етті. Осылайша халық тұрмысын тіктеп, әлеуметтік әл-ауқатын арттырудың алғышартына айналған бағдарламаның Президент пәрменімен жалғасын табуы баспанасыз жүрген талай жанға шарапатын тигізбек. Бір ғана Тараз қаласының өзінде өткен жылдан бері 60 отбасыға тұрғын үй сертификаты табысталған екен. – Өздеріңізге мәлім белгілі бір әлеуметтік санаттағыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспана оның құнының 10 пайызына тең алғашқы жарнасын жинағандарға ғана беріледі. Әлбетте бағдарлама аясында үйлі болу мүмкіндігі берілген көпбалалы немесе мүгедек баласы бар отбасылар, толық емес отбасыларға 10 пайыздық алғашқы жарнаны жинаудың өзі қиындық туғызады. Бұл орайда оларға жергілікті әкімдіктер арқылы тұрғын үй сертификаттарын беру бастамасы көп көмек көрсетті. Өткен жылы Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде табысын растаған 24 тараздық отбасыға осындай сертификат берілді. Ал жыл басынан бері мұндай сертификат 36 тараздық отбасыға табысталды. Олардың барлығы да көптен арман еткен баспанасының кілтін алып, қоныстойын тойлады, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің маманы Руслан Сәбитов. Тұрғын үй сертификаттарын иеленіп, Тараз қаласындағы жаңа 15-ықшамауданының тұрғыны атанған Жұмакүл Байділдә да бұл бастаманың қажеттілігін айтады. – 5 жылдан бері Тараз қаласында пәтер жалдап келдім. Пәтер жалдағанның күйі белгілі ғой. Бұған дейін қабылданған бағдарламалардың 20-30 пайыздық алғашқы жарнасын жинау да үлкен қиындық туғызады. Оның үстіне жалғызбасты анаға 3 баланың жағдайын жасауда оңай емес. Сондықтан баспана мәселесін шешудің ыңғайы келмей жүрді. Ал былтыр «Бақытты отбасы» бағдарламасының қабылданғаны маған үлкен қуаныш сыйлады. Бағдарлама талабына сай 10 пайыздық алғашқы жарнаны өтеу үшін әкімдік тарапынан тұрғын үй сертификаттарын беру де баспана мәселесін шешудің оңтайлы қадамы деп санауға болады. Оған қоса ипотекалық несиенің 2 пайыздық мөлшерлемемен берілуі де қуантады. Мәселен мен 2 бөлмелі пәтер үшін айына 42 мың теңге көлемінде төлем жасаймын. Біз секілді талай отбасыға баспаналы болу мүмкіндігін бергені үшін Тараз қаласының әкімдігіне үлкен рақмет айтамын, – дейді ол.

Расында ипотекалық несие берудің басты шарты саналатын алғашқы жарнаны жинау баспаналы болуды арман еткен талай жанның меселін қайтарып жүргені жасырын емес. Әсіресе айлық табысы жалдамалы пәтердің ақысы мен азық-түлік, коммуналдық төлемнен артылмайтындар үшін үйлі болудың бұл мүмкіндігі қол жетпестей көрінген. Олардың арманының ақиқатқа айналуына «Бақытты отбасы» бағдарламасы мен тұрғын үй сертификаттарының табысталуы мүмкіндік берді. Алдағы уақытта жергілікті билік тарапынан берері мол бағдарламаның екінші тынысын ашқан тұрғын үй сертификаттарын көбейтудің тетіктері жан-жақты қарастырылса жөн болар еді.

Шынболат Күзекбаев
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар