Бердібек Сапарбаев алтын өндіруші компания басшылығын жергілікті тұрғындарды жұмысқа алуға шақырды
- авторjambylinfo.kz
- 8 ақпан, 2021
- 369
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мойынқұм ауданының Ақбақай ауылында болып, ауылдық округ әкімі Нұрәлі Әбдікерімовтің тұрғындарға есеп беру кездесуіне қатысты.
Ауылда 639 адам тұрады. «Алтыналмас АК» АҚ филиалы, орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, балабақша, кітапхана, полиция тірек пункті жұмыс істейді. Ресми түрде жұмыссыздар саны 11 адам. Егер бұрын жергілікті тұрғындар жергілікті тау-кен байыту комбинатына жұмысқа орналасуға тырысса, қазір олай емес, себебі, «Алтыналмас АК» АҚ филиалының қызметкерлерді іріктеу шарттары барынша қиындай түскен.
- Біз үлкен кәсіпорында неге жергілікті кадрларға деген сұраныстың жоқтығы жөнінде ойлануымыз керек. Ең алдымен, кәсіпорында орындаушылық және еңбек тәртібін көтеру қажет, ал ата-аналар балаларын сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын оқытуға жібергендері дұрыс, - деді Бердібек Сапарбаев.
Акционерлік қоғамның кәсіпорындарында 97 ақбақайлық тұрақты еңбек етуде десек, өткен жылы мұнда сегіз жергілікті тұрғын жұмысқа орналасыпты.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуына ықпал етеді. Тек соңғы айларда 36 адам білім беру жүйесінде, төртеуі медицина саласында жұмыспен қамтылды.
Облыс әкімі ауылда кәсіпкерліктің әлсіз дамығанына назар аударды.
- Неге адамдарды түрлі бизнес бағдарламалармен таныстырмайсыздар? Сол бағдарламалар арқылы субсидия алуға, тегін гранттарға ие болуға, цехтар ашуға, өндіріс орындарын құруға болатынын түсіндірмейсіздер? - деп сұрады Бердібек Сапарбаев округ әкімінен.
Ауыл тұрғындары егіншілікпен және мал шаруашылығымен де айналысады. Өткен жылы жергілікті шаруалар 71,34 центнер ет, 48,1 центнер сүт өнімдерін, 48,4 мың жұмыртқа өндірген.
Кездесуде ақбақайлықтар да өздерін толғандырып жүрген мәселелерді көтере білді. Бәрінен бұрын олар үйлеріне табиғи газ тарту, ауыз сумен қамтамасыз ету жайына алаңдаулы.
- Мен бұл мәселелерден хабардармын, газдандыруға қажетті қаражат бөлінеді, жуырда Мойынқұм және Шу аудандары арасында газ тарату станциясы салынады. Жақын арада үйлеріңізге көгілдір отын келетін болады, - деп сендірді облыс әкімі.
Ауыз суға келетін болсақ, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бюджеттен қаражат бөлінді, осыдан соң ауылды таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша негізгі жұмыстар басталмақ.
- Облыстық және аудандық билік Ақбақай тұрғындарының қажеттіліктері мен мәселелерінен хабардар. Біз оларды шешуге барынша тырысудамыз. Дегенмен, сіздер де түсіністік танытқандарыңыз абзал. Ең бастысы – жауапкершілік пен тәртіпті ұмытпауымыз керек. Түсіністік болған болған жерде тәртіп пен бірлік орнайды. Сонда ғана қордаланған мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік артады, - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.
Бұдан соң аймақ басшысы «Алтыналмас АК» АҚ жұмысымен, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайларымен танысып, бас менеджер Айдар Қожахметовтің есебін тыңдады.
1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын жыл сайын орта есеппен 1300 килограмм алтын өндіріліп, бір миллион тонна кен өңделеді. Жұмысшылардың орташа жалақысы 254 мың теңгені құрайды. Өткен жылы кәсіпорынға 5,9 миллиард теңге инвестиция құйылды. Биыл бұл сома 12,3 миллиард теңгеге жетеді деп көзделуде.
Пандемияға байланысты қазіргідей күрделі жағдайда жұмысшыларға айтарлықтай материалдық көмек көрсетілгені қуантады. Пандемия кезінде ұжым мүшелерінің көпшілігін қосымша 200 мың теңгеден, көпбалалы отбасы мүшелері, сондай-ақ асырауында мүгедек балалары барлардың әрқайсысына 50 мың теңгеден берілген десек, барлығы 220 миллионнан астам қаржы материалдық көмекке жұмсалған.
594 орынға арналған «Буферлік аймақ» деп аталатын ғимараттың құрылысы аяқталған. Айта кету керек, кәсіпорын қызметкерлерінің арасында коронавирусты жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Бұл буферлік аймақ алдағы уақытта да осындай оң үрдіске ықпал етпек. Алтын өндіретін кәсіпорында жұмыс вахталық жүйемен жүргізіледі. Әр ауысым бір-бірімен қилыспайды. Жұмысқа кіріспес бұрын қызметкерлер буферлік аймақта бес күн тексеруден өтеді. Жаңадан келгендерден ПТР-талдаулар алынады. Теріс нәтиже алғаннан кейін ғана олар жұмысқа жіберіледі. Аталған аймақтың құрылысына 7 миллион доллардан астам қаражат жұмсалыпты. Облыс әкімі мұндағы медпункт пен спорт бөлмелерін аралап көрді.
Ұжым жергілікті халықтың мәселелерінен да сырт қалмайды. Кәсіпорын ауыз су жеткізу мен қар тазалауды тұрақты ұйымдастырады, қажет болған жағдайда тиісті техника мен құралдар бөлінеді.
- Мұның бәрі мақтауға тұрарлық, компания басшылығына игі істері үшін ризашылығымды білдіремін. Десе де, сіздерді жергілікті тұрғындарды, әсіресе жастарды жұмысқа қабылдау мен дайындауға ерекше назар аударуға шақырамын, - деп атап өтті аймақ басшысы.
Кәсіпорындағы кездесу еңбек заңнамасын сақтау және әлеуметтік әріптестік туралы үш жақты меморандумға қол қоюмен аяқталды.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз