Бітік егін – берекенің белгісі
Бітік егін – берекенің белгісі
Ырзығын жерден терген, көктем мен жазда маңдайын күнге қақтаған диқандар қауымы егін жинау науқанын аяқтады. Жауапты науқанға білек сыбана кіріскен егінжай ерлері алтын астықты ысырап қылмай, жиналған дәнді қамбаға құйып алу мақсатында ала-жаздай бел жазбай еңбек етті. Қажырлы еңбек пен төгілген маңдай тердің өтеуі – Жер-Анамыздың жамбылдықтарға берген сыйы бұрнағы жылдардан әлдеқайда мол болды.
Ауыл шаруашылығы саласы мамандарымен кездесулерде, аудандарға сапары барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев коронавирус індеті дала жұмыстарына кедергісін келтірмеу керектігін, шаруаларға барлық жағдай жасалуын ұдайы айтып, тиісті тапсырмаларын берген. Рас орақ науқаны ырғалып-жырғалуды, кідіріс пен кешеуілдеуді көтермейді. Сылбырлық сан соқтыруы мүмкін. Аймақ басшысының тапсырмасына сай, биыл да өңір әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосуды міндеттеріне алған шаруалар егінге дер кезінде орақ салып, дала төсінде еңбектің көрігін қыздырды. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірдегі егіс алқаптарынан 816,6 мың тонна астық бастырылып, орташа өнімділік көрсеткіші гектарына 22,7 центнерді құраған. – Ерте көктемнен жерге еңкейіп, күз айының соңына қарай бүгілген белін бір-ақ жазатын диқаншылар егін ору науқанын аяқтады. Қазіргі уақытта 359,2 мың гектар алқаптан 816,6 мың тонна астық бастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 53,5 мың тоннаға артық өнім алынып отыр. Аймақта алғашқылардың бірі болып егінге орақ салған Меркі ауданында әр гектардан алынған өнім 24,4 центнерді құрап, көш бастаса, Қордай ауданында 24, Т.Рысқұлов ауданында 23, Шу ауданында гектарынан 22,9 центнерден өнім жиналып, аталған аудандар облыстық деңгейден жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр. Жалпы биыл 149,7 мың гектарға бидай, 209,5 мың гектарға арпа егіліп, егін ору науқанына 816 комбайн қатысты. Сонымен қатар 2021 жылдың өніміне 63,4 мың гектар сүр жыртылып, толықтай химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Ал 2021 жылдың өніміне 7,8 мың гектар алқапқа күздік дақылдар егуге жер дайындалып, ол 5,4 пайызды құраса, 0,5 мың гектар сүдігер жыртылды. Егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 1 миллиард 250 миллион теңге бөлініп, жоспар бойынша 25,5 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ауыл шаруашылығы алқаптарына егу межеленген, – дейді облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкір Момынқұлов. Сондай-ақ биылғы қуаңшылыққа қарамастан қажетті жем-шөп қоры да артығымен жиналған екен. Шаруалар әлі де тынымсыз тірлік үстінде. Қысқа қажет жем-шөбін дайындаудың қарбаласында жүргендер қазіргі ауа-райының қолайлы сәтін барынша тиімді пайдалануға тырысуда. 2020-2021 жылдардың мал қыстату науқанына облыс бойынша 1677 мың тонна пішен дайындау жоспарланса, жоспар 102,7 пайызға орындалған. Сол секілді 81 мың тонна пішендеменің 66,2 мың тоннасы, қажетті 109,9 мың тонна сабан артығымен, яғни 115,9 мың тонна жиналған. Басқарма мамандарының айтуынша, науқандық жұмыстарға байланысты аудандардағы ахуалды бас бармақпен бағалауға тұрарлықтай. Әрі тұрақты бақылауда. Сарысу ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сейлбек Дариябековтің айтуынша, аймақта бүгінгі күнге дейін 5158 гектар жаздық арпа орылған. Әр гектардан орташа өнімділігі 20,1 центнерден өнім алынуда екен. Жалпы жиналған өнім көлемі 10366 тоннаны құрайды. Сондай-ақ 3577 гектар күздік бидайдың соңғы алқабы орылып, жоспарлы жұмыстар аяқталуға таяған. Жалпы күздік бидайдан 7190 тонна өнім жиналады деп болжануда. Ал күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 27 комбайн, 185 дана трактор және 30 дана жүк автокөлігі жұмылдырылып, 975 тонна дизель отыны бөлінген. Сонымен қатар 98 дана трактор мал азығын (пішен) дайындауға қатысып, қазіргі уақытқа дейін 31310 гектар жер (оның ішінде 4653 гектар жоңышқа) шабылып, 98750 тонна (100,8 пайыз) пішен дайындалған. Және де 7650 тонна сабан артығымен жиналған. Ал Шу ауданында 2020 жылдың өніміне 113 420 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, 21792 гектар сүр жер (пар) айдалыпты. Егістік алқабы 135 212 гектарға жетіп, егістік жер 100 пайызға игерілген. 2020 жылдың өніміне 40 766 гектар масақты дәнді дақылдар егілген (15450,5 гектар күздік бидай, 25 315,5 гектар жаздық арпа). Бүгінгі күнге барлығы 40 766 гектары толығымен жиналып, 93 354,1 тонна өнім алынған. Орташа өнімділігі гектарына 22,9 центнерден айналған. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақыт Аязұлы аудандағы астық жинаушылар қажетті жанар-жағармаймен және өзге де техникалармен толықтай қамтамасыз етілгенін, бұл орақ науқанын табысты түрде әрі өз уақытында аяқтаудың алғышарты екенін айтады. Егін орағы аяқталғанымен жиын-терім әлі де жалғасуда. Аудандардағы сала басшыларымен, бірқатар шаруа қожалық төрағаларымен тілдескенімізде биыл егін өнімділігі жоғары болып тұрғанын айтады. Ал егін бітік болса, ел ырысы еселеніп, табысы артатыны анық.
Талғат Нұрханов