Биыл бидай алқабы 429 мың гектарға қысқарады
Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
«Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылы табиғаттың ауыр климаттық жағдайы шаруалардың қаржылық жай-күйіне әсер етті. 2024 жылға арналған басты міндет - көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу. Ол үшін министрлік барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Керекті мемлекеттік органдар мен ұйымдарды, сондай-ақ облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарларын тарта отырып, өңірлерде көктемгі егіс науқанын жүргізу жұмыстарын үйлестіру жөніндегі жедел штаб құрылды», - деді министр.
Айдарбек Сапаровтың атап өтуінше, министрлік салада ауқымды талдау жүргізіп, сол талдау аясында саладағы проблемалар мен олардың пайда болу себептерін анықтаған. Талдау аясында сондай-ақ бірқатар жүйелік проблем белгілі байқалған.
«Айталық, агроөнеркәсіптік кешеннің қарқынды дамуын тежеп тұрған мәселелердің бірі - өсімдік шаруашылығында әртараптандырудың дұрыс жүргізілмеуі. Ол үшін министрлік бұған дейін облыстар әкімдіктеріне әртараптандыру бойынша индикаторларды берген болатын, олар бақылауда болуы керек. Осы жұмысты ескере отырып, облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша осы жылы 23,8 млн гектар алаңда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру жоспарланған. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 209,6 мың гектарға аз», - деді ол.