бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 22:44

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Биыл құрылысшыларға сұраныс жоғары

Биыл құрылысшыларға сұраныс жоғары
ашық дереккөзі
Биыл құрылысшыларға сұраныс жоғары
Қордай ауданындағы 700-ден аса түтіні бар Қаракемер ауылында бүгінде жылдағы жиын-терінмен қатар тұрғын үй құрылысы да қарқын алған. Биыл мұнда облыс әкімдігінің қолдауымен бюджеттен 224 миллион теңге бөлініп, 20 отбасылық 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Өткенге көз жүгіртсек тәуелсіздік жылдары бұл ауылда мемлекеттің қолдауымен бір де бір үй соғылмапты. Қордай аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Елдос Мінікеевпен тілдескенімізде ол Қонаев көшесінің төменгі жағынан қос қапталдап қаз-қатар бой көтеріп келе жатқан үйлердің әрқайсысы екі отбасыға арналған, яғни бір аулада екі пәтер болатынын айтты. Ол пәтерлердің әрқайсысына тиесілі 10 сотық жері және бар. – Үйдің жалпы ауданы 160 шаршы метр. Сонда әр пәтерге 80 шаршы метрден келеді. Ал ауылдық жер болған соң, шаруашылыққа ыңғайлы болсын деп әр пәтердің учаскесін 10 сотық қылып қалдырдық. Жалпы әр пәтерде 2 жатын бөлме, холл, балалар бөлмесі, асхана, санитарлық торап болады. Жан-жағы қоршалып, су, газ, электр желісі сынды инфрақұрылым жүйесі жүргізіледі, – дейді бөлім басшысы. Бұл он үйдің құрылысын екі мердігер компания қолға алған. Ауылға арнайы ат ізін салып, құрылысшылармен де дидарласудың сәті түсті. Жаз шыға басталған құрылыс жұмыстары қазір бел ортасына келіпті. Әзірге екі үйдің құрылысы әлі басталмағанын байқадық. Десе де бөлім басшысы Е.Мінікеев ол үйлердің мердігері бар екенін және алдымен осындағы бастап қойған үйлердің құрылысын бітіріп бірақ кірісетінін жеткізді. Жалпы құрылыс бөлімінің ұсынысымен үйлер бір типпен, ортақ жобамен салынып жатыр. Ал құрылысқа қажетті материалды таңдау әр мердігердің өз еркінде. Бірақ тапсырыс беруші тараптың қойған қатаң талабы, шарты бар. Ол талап та ойдан шығарылмаған. Еліміздің тұрғын үй құрылысы төңірегіндегі заңнама, қағидаларға сүйенген. – Үйлердің эскиздік жобасы, сәулет-жоспарлау тапсырмасы келісілген. Авторлық қадағалау өздерінен. Жалпы қазір жеке тұрғын үй құрылысына талап етілетін құжаттар жеңілдеген. Учаскенің құжатын тиянақтау, сәулет-жоспарлау тапсырмасын алу және қабылдау актісін жасау сынды үш қана кезеңнен тұрады. Бұйыртса мердігерлер үйлерді қыркүйек айында тапсырамыз деп отыр, – дейді Елдос Жылкелдіұлы. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаев та әкімдік үйлерді қыркүйекке қарай қабылдап алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Айтуынша бұл пәтерлер үй кезегінде тұрған, үйсіз жүрген жас отбасыларға, мемлекеттің қызметінде жүрген қаракемерліктерге берілмекші екен. Ол сондай-ақ сөз арасында биыл ауданда асарлатып 15 үй салынатынын да айтып қалды. Біз құрылыс басында демалысқа қарамай тынбай еңбек етіп жүрген бригада мүшелерін сөзге тарттық. Бригадаға бас-көз болып жүрген Нұрбол Аманжолов қазір өздерінде құрылысқа жеті адам жұмылдырылғанын айтып өтті. Екі үйдің іргетасын құйып қойған. Біреуінің қабырғасын қалап болыпты. Дәл қазір қабырғаның үстіңгі бөлігі мен қабырғаның әр жеріне металл-бетоннан сейсмикалық белдеу құйюды бастапты. – Осы жұмыстарды аяқтасақ көп ұзамай шатырын жабуға кірісеміз. Ауа райы қарайласып тұрғанда уақыт жоғалтпай құрылысты ертерек бітіріп, өткізуіміз керек. Бірақ асығыс істеп сапаны ұмытып кетуге де болмайды. Ол жағына да баса назар аударып жатырмыз. Бұл салада бірінші жыл тер төгіп жатқан жоқпын, – деген Нұрболдың құрылыстағы еңбек өтілі 15 жылдан асыпты. Алматыда атақты «Қуат» компаниясында да жұмыс істеп, құрылыстың қыр-сырына қаныққан екен. Дәнекерлеудің хас шебері. Одан кейін үйлерге орта жөндеу, еурожөндеу жұмыстарымен айналысып, табыс тауып жүр. Жас та болса бұл шаруаны ұршықша иіретіні сөзінен, істеген жұмысынан көрініп тұр. Осы бригаданың «ақсақалы» Бақытбек Беделбаевтың да құрылыста жүргеніне аз уақыт өтпепті. Жиырма жыл құрылысшы мамандығының қызығы мен шыжығын қатар көріп келеді. – Жалпы жұмыстың жеңіл, не ауырлығы адамның ниетіне, ынтасына, қызығушылығына байланысты. Құрылысты жеңіл жұмыс деп айта алмаймын. Бірақ икеміміз болғандықтан, үйде жата бермей, тірлік ету керек болған соң жұмыс барысында анша-мұнша қиындықтар ойға да кіріп шықпайды. Істесең, қолыңнан іс келсе құрылысшылардың табысы жаман емес қазір. Тек ерінбеу керек. Сондықтан құрылыстың көркін қыздырып, титтей болса да елдің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып келе жатқан құрылысшылар қауымын алдағы кәсіптік мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын, – дейді Бақытбек Беделбаев. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті Жолдауларының бірінде болашақта құрылысшы ең қажетті әрі қадірлі мамандыққа айналатынын айтып еді. Тап басып айтыпты. Расында бүгінде құрылыстың небір түрі, технологиясы шығып жатыр. Оның бәрін игеріп, меңгеру үшін де ізденіс, еп пен икем керек. Оның үстіне карантиндік шектеулер шекараны да тас жауып, бізде жылда жаз шыға құрылыста еңбек ететін өзбек ағайындарды өз елінде жіпсіз байлап қойды. Бұл әрине өз азаматтарымыздың құрылысқа икемі жоқ деген сөз емес. Қысқасы, құрылысшының қадірі артты деген осы. Мерекелеріңізбен, құрыш қолды құрылысшылар! Жасұлан Сейілханов Қордай ауданы
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар