Боралдайдың байлығы
Боралдайдың байлығы
Тасын түртсең тарихтан сыр шертетін Әулиеата өңірінің қойнауы қазынаға бай. Бір ғана Қаратаудың баурайындағы Жаңатас, Ақсай, Шолақтау іспетті бірқатар кен орындарының арқасында облысымыз республика бойынша фосфор шикізатының бірегей базасына айналып отыр. Бұдан бөлек Ақбақайда алтын, Амангелдіде газ, Мақпалда кварцит, Шатыркөлде мыс, Қордайда қызыл гранит, Үлкен Бурылтауда гипс өндірілетіні әмбеге аян. Осы тектес өзге де көптеген кен орындарының аты жалпақ жұртқа мәшһүр болуы өңіріміздің ұшы-қиыры жоқ сайын даласының кез келген тұсынан өндіріс лебі есетінін аңғартады.
Облысымыздың әлеуеті жоғарылап, экономикалық қуатының артуы да алтын, күміс, мыс, мырыш, қорғасын секілді түсті және қара металл, мәрмәр, гранит, керамзит, цемент секілді құрылысқа қажетті материалдар мен басқа да бағалы тастар, мұнай, газ, көмір және өзге де химиялық шикізаттар өндіру ісі жүйелі жолға қойылған ауыр өнеркәсіп саласымен тікелей байланысты. Осының ішінде біздің облыс басқа байлықты игеріп, көмір өндіруге келгенде кенжелеп тұрғаны белгілі. Бұл бағытта жұмыс істеп тұрған кен орындары жоқ десек те болады. Әйтсе де аймақта әжептәуір көмір қоры бар. Тіпті өңірімізде кезінде ғылыми тұрғыда зерттеліп барып ашылған, біршама жылдардан кейін қайта жабылып қалған көмір кен орындары да баршылық. Соның бірі – Жуалы ауданында орналасқан Боралдай көмір шахтасы. Аталған ауданның Боралдай аталып кеткен аумағында мол көмір қоры бар екені осыдан 150 жыл бұрын анықталған екен. Көмірі жердің бетіне шығып жатқан кенді игеруді жуалылықтар өткен ғасырдың қырқыншы жылдары қолға алыпты. Сол кезде ғалымдар мұнда 1 миллион тоннадан астам көмір қоры бар екенін дәлелдепті, әрі көмірі Қарағанды шахтасымен салыстырғанда жер бетіне әлдеқайда жақын орналасқан және сапасы одан кем түспейтінін айтқан. Жылына 60 мың тонна көмір өндіру мақсат етіліп, нәтижесінде Боралдай шахтасы ашылған. Жұмыстың тең жарымы қол күшімен атқарылғандықтан және қажетті техниканың тапшылығы салдарынан көмір өндіру ісі мардымсыз жүргізілген. Соның өзінде аталған көмір кен орны Жуалы ауданын қатты отынмен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес Қырғыз Республикасына жөнелтіп отырған. 1955 жылдары мұнда 130 адам жұмыс істеген деген мәлімет бар. Алайда 19 жылдан кейін шахта жабылған. Осы орайда бізді «Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында жылына 20-30 мың тоннаға дейін көмір өндіріп келген Боралдай көмір кенішін қайта ашуға болмай ма?» деген сұрақ мазалады. Осы сауал жетегімен облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының кең таралған пайдалы қазбаларды пайдалану бөлімінің басшысы Гүлсім Тәупішеваға хабарластық. Ол бұл мәселеге тек ҚР Энергетика министрлігі жауап бере алатынын айтты. – Біздің басқармаға қарасты кең таралған пайдалы қазбалар бойынша 192 кен орны бар, оның барлығы да жұмыс істеп тұр. Ал көмір шахтасы бойынша бізде нақты мәлімет жоқ. Облыста Шақпатас көмір шахтасы секілді ұсақ-түйек кен орындары бар екенін, олардың кен өндіру әлеуеті де айтарлықтай ауқымды еместігін білеміз. Бірақ олар жайлы бізде нақты ақпарат жоқ. Себебі көмір кендері келісімшартты ҚР Энергетика министрлігімен тікелей жасайды. Боралдай көмір шахтасының да бір кездері кен өндіргенін білгенімізбен, нақты неден жабылғанын айта алмаймыз. Оның қоры мен жылдық өндірістік қуатының қанша тоннаны құрауы мүмкін екенін, кенді қайта ашқанда ол өз-өзін ақтайтыны, әлде ақтамайтыны жайлы аталған министрлікке хат жолдау арқылы білуге болады, – деді Гүлсім Жұмабекқызы. Жуалы ауданының тұрғындары еңбекқор, заман ағымына қарай тірлігін тіктеп отырған ел болғандықтан, көз алдындағы, аяғының астындағы қазба байлықты игеруге ұмтылмауы мүмкін емес. Осындай оймен Боралдай шахтасы жайлы біледі-ау деген бірді-екілі азаматтармен тілдесіп көрдік. Әңгіме барысында шахтаның 1959 жылы не себепті жабылып қалғанын әркім әртүрлі жағдаймен байланыстырды. Бірі мұны Жуалының қатал табиғатымен байланыстырса, енді бірі теміржол тұйығынан шалғайда жатқан кеннің көмір өндірудегі шығыны шаш етектен болғанын алға тартты. Тағы бірі бұған сол кездері КСРО-ны басқарған Хрущевтің өзін-өзі ақтамайтын шағын өнеркәсіптерді жабу туралы шыққан Жарлығы себеп болғанын айтты. Әйтеуір жуалылықтар аталған көмір кенішінің жабылу тарихын там-тұмдап болса да айта отырып, «көмір кені қайта іске қосылса, одан пайда таппасақ, зиян шекпес едік» деген ойларын білдірді. Дегенмен біз Боралдай ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболовтың бір кездері «Боралдай көмір кені қайта іске қосылса» деген ниетпен ел ағаларынан қолдау да сұрағанын, аталған кеннің тарихы, әлеуеті жайлы ізденіп, бірқатар мекеменің есігін қаққанын естіп, қарияның айтарына құлақ түрдік. Ақсақалдың айтуынша, Боралдай ауылдық округіне Ертай, Көлтаған, Рысбек батыр ауылдары кіреді екен. Боралдай көмір шахтасы Көлтоған ауылынан 15 шақырым қашықтықтағы бұрынғы Шахта ауылында орналасыпты. Боралдай көмір кенішінде ілгеріде осы екі ауылдың тұрғындары жұмыс істепті. Оның бірінде орыстар, екіншісінде немістер көп болған көрінеді. Шахта жабылғаннан кейін, олар жан-жаққа көшіп кеткен. Қазір Шахта ауылы қаңырап бос тұр. – Бұл кезінде үлкен ауыл болған. Кейінгі жылдары шахтаны көру үшін екі-үш мәрте сол жаққа барғанмын. Сонда жұртта қалған клуб, дүкен, мектеп секілді әлеуметтік нысандарды көріп балалығым еске түсті. Жас күнімізде бұл ауылға талай келгенбіз. Аталған ауылға дейін жай жолмен де, тас жолмен де баруға болады. Одан ары ол жол Түркістан облысының Шаян ауылына баратын асфальт жолға қосылады. Шахтаға қарай кезінде бетон құю арқылы жол салмақшы болып, онысы аяқталмай қалғаны, шахтаның басындағы бітпей қалған теміржол құрылысы бәрі-бәрі қазір де сол қалпы жатыр. Кезінде мұнда еңбек еткен адамдардың бүгінде бірі де қалмады. Бәрі де бақиға бет түзеген. Соның ішінде шахтада «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Егемберді Бөрібеков, кеудесіне «Ленин» орденін тағынған Әмір Жұмағұлов секілді елге белгілі азаматтар жұмыс істеген. Бұл кеннің қоры – 300 мың текше метрді құрайды. Боралдайда өндірілген көмірдің қызуы бүгінгі күні шеттен жеткізіліп жатқан көмірден жақсы болған көрінеді. Өндірілген көмірді тұрғындар сол кезде қағаз жағып-ақ тұтата берген. Шахтаның не үшін жабылғанын білмек болып, аудандық архивті ақтарғаным бар еді. Сол кезде жұмысқа кірген, шыққан және жұмыс істеген адамдардың саны, олардың жалақысы туралы мәліметтер кезікті. Ал бірақ шахтаның не үшін жабылғаны туралы мәлімет таппадым. Құжат бойынша 1940 жылы ашылып, 1959 жылы жабылған, – деді Мақсатбек Жүнісұлы. Өңірімізде табиғи газ тартылмаған елді мекендерді айтпағанда, металлургия, химия, өндірістік өнеркәсіптер мен кейбір мекемелердің жылыту қазандықтары әлі де қатты отынға тәуелді. Оларға көмір Қарағанды, Екібастұз, Шұбаркөл секілді кен орындарынан ортадағы делдалдар арқылы қымбат бағаға жеткізіледі. Қатты отынның бір тоннасы шалғай елді мекенде 30 мың теңгеден саудаланатынын ел айтып жүр. Сондықтан облысымыз тұтынатын қатты отынның көлемін есептей отырып, кенді іске қосып арзан бағада көмір шығаруды қолға алса несі бар?! Мұндайда халық көмірді жақын жерден тасуға өзі-ақ ұмтылар еді. Көмір кенін өндіруде кадр тапшылығы қиындық тудырмаса, кен игеру аса қорқақтайтын шаруа емес сияқты. Бастысы көз алдымызда бұрынғы сүрлеу жатыр.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ