дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 12:46

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Былтыр Astana Hub-та 1400 IT-компания 400 млрд теңге табыс тапқан

Былтыр Astana Hub-та 1400 IT-компания 400 млрд теңге табыс тапқан
Astana Hub
ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өскен

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов ЭКСПО павильонында болып, Astana Hub технопаркінің цифрлық инфрақұрылымын аралады, стартап-жобалармен танысты, деп хабарлайды jambylinfo.kz Премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Үкімет басшысы Astana Hub инновациялық экожүйесін аралап көрді. Хабтың негізгі міндеттері – таланттарды тарту, оқыту, бизнесті дамытуға көмек көрсету және IT-технологиялар экспортын қолдау. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған Tech Orda бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – 2025 жылға қарай 20 мың IT маманын даярлап шығару. Қазіргі уақытта 15 мыңнан астам студент оқуын аяқтап, 2 мың стартап-жоба іске қосылды», - деп жазылған хабарламада.

Astana Hub қатысушылары үшін қолайлы экожүйе құрылды. Қазақстанда сатылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің айналымы бойынша КТС, ЖТС және қосылған құн салығын төлеуден босатуды көздейтін арнайы салық режимі түріндегі преференциялар қолданылады. Сондай-ақ IT-компаниялар жұмыс орындарымен және серіктестік бонустармен қамтамасыз етілген. Аталған мемлекеттік қолдау шараларының барлығы оларға үнемделген қаражатты жобаларды дамыту және ілгерілету үшін қайта инвестициялауға мүмкіндік береді. Бүгінде Astana Hub-та өткен жылы 400 млрд теңге табыс тапқан 1400 IT-компания бар.

Сондай-ақ Үкімет басшысы оқытушының қатысуынсыз және дәріссіз 01EduSystem Француз әдістемесі бойынша өзара оқыту қағидаттарына негізделген, Орталық Азиядағы алғашқы ALEM ІТ-бағдарламалау мектебіне барды. Оқу процесі дарынды студенттердің бір-бірімен жобалары мен өзара қарым-қатынасына негізделген. Қазіргі уақытта Alem-де жергілікті және халықаралық компаниялар мен стартаптарда жұмыс істейтін 900-ден астам түлек бар.

«Премьер-Министр сондай-ақ Astana Hub қатысушыларымен және NU ғылыми қызметкерлерімен кездесті, жасанды интеллект саласындағы бірқатар отандық әзірлемелермен танысып, ғылыми жобаларды коммерцияландыруды арттыру және экономиканың нақты секторымен ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады», - делінген хабарламада.

Alaqan стартапы – контактісіз төлем жүйесі: транзакцияларды биометрия технологиясын қолдана отырып, алақан тамырларын тану арқылы жүзеге асыруға болады. Отандық жоба 2020 жылдан бері нарықта және бүгінде үш өнімге ие: Alaqan Pay, Alaqan Mektep және Alaqan HR. Alaqan жүйесінде 100 мың белсенді пайдаланушы, айына 1,2 млн сәйкестендіру және $300 мың  инвестиция көлемі бар. 
Кремний алқабында акселерациядан өткен жоба Қазақстанда мектептердің бірінде сәтті қолданылуда. Әзірлеушілер стартапты елде және шетелде одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда отандық әзірлемеге Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс және Түркия елдері қызығушылық танытып отыр, оны 500 емханаға орнату жоспарлануда.

ЖИ саласындағы тағы бір жаңалық – Arlan Biotech. Стартап жасанды интеллектінің көмегімен наноденелер жасауға арналған. Жоба медицина мен фармацевтика саласы үшін маңызды жаңалық болды. Наноденелер диагностикалық тест жүйелерін құруда, сондай-ақ онкологиялық және аутоиммунды ауруларды зерттеу және емдеу процесінде қолданылады.

«Сондай-ақ жасанды интеллектке негізделген бейнекөріністерді жасауға және өңдеуге арналған платформа Higgsfield AI жобасы ұсынылды. Бағдарлама жеке және жекелендірілген қосымшаларға арналған. Қазіргі уақытта стартап $16 млн жинап үлгерді, Pre-seed раундындағы негізгі инвестор АҚШ-тағы ең көне венчурлық қорлардың бірі Menlo Ventures болды. Higgsfield AI қазір diffuse мобильді қосымшасын ұсынады, ол мәтінді бейнекөрініске түрлендірудің арнайы моделіне негізделген. Ол алдын ала жасалған клиптер жиынтығы мен нұсқау редакторы бар жеке құралдарды қолдана отырып, басынан бастап бейнекөріністерді  жасай алады», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сонымен қатар Премьер-Министрге Car Parking Multiplayer жобасымен әлемге танымал, мобилді ойындар әзірлеу бойынша қазақстандық O’games студиясының жұмысы таныстырылды. Бүгінде ойын Азия, Еуропа және Америка елдерінде 100 млн-нан аса жүктеп алынған. Сондай-ақ Қазақстандағы Playrix мобилді ойындар әзірлеуші компанияның жобалары таныстырылды. Playrix мобилді ойындарды дамыту саласындағы әлемдік көшбасшы, компанияның өткен жылғы табысы $2,8 млрд-ты құрады.

«Президент экономиканы цифрландыру шараларын күшейтуді және жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануды қамтамасыз ету міндетін нақты белгілеп берді. Мақсат – 2026 жылға қарай IT-қызметтер мен өнімдер экспортының жыл сайынғы көлемін кемінде $1 млрд деңгейінде қамтамасыз ету. Бүгінде бұл көрсеткіш $529 млн-ды құрайды. Еліміз цифрландыру саласында үлкен жетістікке қол жеткізді. Отандық IT мамандарымыз үздіктер қатарында және біз оларға жаңа серпінді өнімдер жасауға, IT-шешімдердің экспортын жеделдетуге көмектесуіміз керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында біздің маңызды стратегиялық міндетіміз Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру екенін баса айтқан еді. 

«Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз.2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек», - деген еді Президент.

Сондай-ақ ол Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс екенін де айтты. 

«Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек», - деген еді Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар