Экономика

Депутат утиль алымның құнын төмендетуді ұсынды

Сенатордың айтуынша, бүгінде импорттық автокөліктердің бағасы көптеген қазақстандық үшін тым қымбат. Оған кедендік алымдар, утиль алымы және алғашқы тіркеу төлемдері себеп болып отыр

Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында утиль алымының ставкасын төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 


Айтуынша, депутаттарға азаматтардан кедендік алымдар, утиль алымының мөлшері мен импортталатын автомобильдерді тіркеу туралы көптеген өтініш түседі. Бұл мәселеге қатысты үкіметке де бірнеше рет депутаттық сауал жолданды, алайда нақты экономикалық міндеттерге, ғылыми тұжырымдарға негізделген және екі тарапты да қанағаттандыратын шешім әлі табылған жоқ. Соның салдарынан қарапайым қазақстандықтардың автокөлік сатып алуы қиындап барады. 


Депутат жаңа және сапалы автомобильдерге қол жеткізудің қиындығы машинаны есепке қоюдағы заңсыздықтың көбеюіне де себеп болғанын атап өтті. Осыған байланысты сенатор үкімет басшысына утиль алымын төмендетуді, кедендік баж бен автомобильді тіркегені үшін алым мөлшерін азайтуды ұсынды. 


Сондай-ақ Орынбасаров шығарылған жылын қоса алғанда, бес жылға дейінгі көліктерді мемлекеттік тіркегені үшін алым мөлшерлемесін 0,25 АЕК көлемінде қарастыруды ұсынды.