Экономика

Доллар бағамы бұлқынуы мүмкін бе?

Доллар бағамы бұлқынуы мүмкін бе?

Әлемде орын алып жатқан экономикалық ахуалдарға, коронавирустық дертке және төтенше жағдайларға байланысты доллар бағамы сан құбылуда.  Алайда Ұлттық банк саласындағы мамандар  долларға немесе басқа валюталарға шаққандағы теңге бағамын «450-500-ге жетуіне жол бермейміз» деп отыр. Егер ол кісілер өздерінің мемлекеттік басқарып отырған өкілетті деңгейінде айтқан уәделерінде тұратын болса, доллар бағамы бұлқынбауы тиіс.

Қазір Ұлттық банктің қолында алтын-валюта резервтері бар, олардың мөлшері $27-28 миллиардты құрайды.  Қордағы резервтерді пайдалану арқылы доллардың көтерілуіне жол берілмеуі  керек.  Қазақстан қор биржасында  доллар, теңге сияқты басқа валюталарды сатумен айналысатын ірі 28-30-ға жуық қатысушы бар. Оларды валюталық ірі спекулянттар дейміз, олардың ішінде – «Halyk Bank», «Jusan Bank» және  «АТФ Банк» тізімде тұр.

Бұлардың барлығы Қазақстан қор биржасына  күнделікті валюталық сауда-саттыққа қатысу арқылы сұраныс пен ұсынысты қалыптастыратын негізгі ойыншылар. Бұл ойыншылар негізінен коммерциялық мекеме ретінде өздерінің табатын пайдасын ойлайды және оларға ұлттық валюта курсын тұрақты деңгейде ұстап тұру негізгі мәселе емес. Олардың негізгі мәселесі – валюталық сауда-саттық арқылы пайда табу және өздері бірнеше уақыт бұрын фьючерстік, форвардтық келісім арқылы сатып алып қойған валютаны қымбат бағада сату. Сол арқылы өздерінің пайдасын ұлғайту. Міне, осыған қарсы Ұлттық банк валюталық интервенция жасай алады.

Ұлттық банктің ресми айырбастау бағамы 405 теңге болып тұрған кезде, айырбастау пункттерінің 428-430 теңгеге шығуы – кездейсоқ жағдай. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, біздің төлем баланысымыздағы сауда бағасының нәтижесі мұнай бағасының төмендеуімен бірге құлдырап жатыр, екінші жағдай – Ұлттық банктің қаржылық құралдарының ішіндегі валюта интервенциясын өткізбеу туралы шешім қабылданып, соның салдарынан болып жатуы мүмкін.

Тағы бір себебі, Ресей валютасының бүгінгі сауда нарығына, $1 құнының 75 рубльге теңесуі. Бұл туралы Ұлттық банк ашық мәлімдеме жасап, түсіндіріп берулері керек еді. Әзірше Қазақстанның қор биржасындағы сауда нәтижесі анықталмай отыр. Екіншіден, мұнай бағасының төмендеуі жалпы Қазақстан емес, сонымен бірге, дүниежүзіндегі бағалы қағаздардың төмендеуіне әкеліп отыр. Ең алпауыт компаниялар бағасының акцияларын білдіретін – Ныю-Йоркте «Доу-Джонс», Naztaq , Кореяда KOSPI, Шанхай биржаларының негізгі акцияларының бағасы 10-15 пайызға дейін төмендеп кеткенін дүниежүзілік қаржылық дағдарыс деп айтсақ болады.

Талғат Демесінов,

Экономика ғылымдарының кандидаты