Forbes-тің жаңа тізімі: Қазақстан миллиардерлері байыған үстіне байып жатыр
- авторАрайлы Жақсылық
- 8 мамыр, 2025
- 318

Бұл жолғы рейтинг – тек нөлдерінен көз сүрінетін ұзын цифрлар ғана емес, елдегі бизнестің, инвестиция мен кәсіпкерліктің жаңа деңгейге көтерілгенінің айғағы.
Жалпы байлық 57,5 миллиард долларға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,9 миллиард долларға артық. Сонымен қатар тізімдегілердің орташа жасы 55-ке дейін төмендеген. Бұл елде жаңа буын кәсіпкерлердің алға шығып келе жатқанын аңғартады.
Миллиардерлер көшін кім бастап тұр?
Вячеслав Ким биыл да тізімнің басынан түскен жоқ: оның байлығы 7,1 миллиард долларға жетіп, бір жылда 1,3 миллиард долларға артқан.
Алайда орасан серпіліс жасаған – Freedom Holding Corp негізін қалаушы Тимур Турлов. Оның қаржылық активтері бір жыл ішінде 2,6 миллиард долларға өсіп, ол бесінші орыннан екінші орынға бірден көтерілді. Қазіргі байлығы – 5,8 миллиард доллар.
Алдыңғы ондықта кімдер бар?
Олар: Владимир Ким, Тимур мен Динара Құлыбаевтар, Булат Өтемұратов, Ибрагимовтер отбасы, Нұрлан Смағұлов, Сәрсеновтер отбасы, Айдын Рахимбаев.
Бұл есімдер – Қазақстандағы ең ықпалды кәсіпкерлердің символына айналған тұлғалар.
Тізімге жаңадан енген жұлдыздар
Биылғы рейтингке алғаш рет енген азаматтардың арасында бизнес сахнасында зор серпінмен көзге түскендер бар:
Андрей Лаврентьев – «Кармет» пен Allur тобы активтерін біріктіру арқылы бірден 12-орынға көтеріліп, байлығы 840 миллион долларға жеткен.
Нұрлан Артықбаев – құрылыс пен телекоммуникация саласындағы серпінді жобаларымен ерекшеленді.
Тұрсынғали Алагөзов – азық-түлік пен сусын нарығындағы ықпалды кәсіпкер.
Асқар Байтасов – мейрамхана бизнесінің танымал тұлғасы, ABR брендінің негізін қалаушы.
Серік Қонақбаев – бұрынғы әлем чемпионы, бүгінде мұнай мен газ саласының кәсіпкері.
Алидар Өтемұратов – медиа саласында танылған кәсіпкер.
Ерлан Сүлейменов – «Олимп» бренді арқылы кең танымал болған бизнесмен.
Тізімнен шығып қалғандар
Дегенмен, бұл рейтинг тек көкке көтерілу ғана емес, кейбіреулер үшін төменге құлдырау болып отыр.
Hill Corporation негізін қалаушы Дулат Қожамжаров заңсыз активтерді қайтару тізіміне енгендіктен тізімнен шығарылды.
Сондай-ақ, Ельдар Әбдіразақов, Берік Қаниев, Юрий Пак пен Раушан Сағдиева да биылғы тізімнен тыс қалды.
Қазақстан – байлар саны өсіп келе жатқан елдердің қатарында
Forbes рейтингі жаһандық экономиканың құбылмалы жағдайында жасалып отыр. Бірақ соған қарамастан, Қазақстан байлық өсімі бойынша әлемнің көшбасшы елдерінің біріне айналды. Global Wealth Report 2024 мәліметіне сай, еліміз долларлық миллионерлер саны ең жылдам өсіп жатқан үш мемлекеттің қатарына енген.