Өңірдің су балансы жасалуы керек
Өңірдің су балансы жасалуы керек
Суармалы егістік алқаптарын көбейту мен ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру – өңіріміздегі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе. Тіршілік нәрінің тапшылығын жою, тәуелділікті болдырмау мақсатында ағымдағы жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы аясында су қоймаларын, каналдарды, тоғандарды, көлдерді тиімді пайдалану мақсатында қыруар жұмыстар атқарылды.
Жыл бойы атқарылған жұмыстар, алдағы жоспар, келесі жылдың суару науқанына дайындық, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі дүйсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте қаралып, жан-жақты талқыланды.
Жиында баяндама жасаған «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев бүгінгі таңда мекеменің теңгерімінде 7 су қоймасы, 11 су торабы, 2 бөгет және жалпы ұзындығы 3342 шақырым болатын 491 канал бар екенін айтады.
– Ағымдағы жылы Европа Қайта Құру және Даму Банкі арқылы 5 ауданда 310 каналды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Ал «Суармалы жер тиімділігін арттыру мақсатында «Ирригациялық-дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 2-кезеңі бойынша Жамбыл және Қордай аудандарында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары 2021 жылдың вегетациясына дейін толығымен аяқталады. Құрылыс жұмыстары аяқталғанда 10 мың гектар қалпына келетін болады. Сол секілді Шу ауданындағы каналдың құрылыс жұмыстары 2021 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. Су қоймаларын вегетациялық маусымға дейін толтыру жұмыстары да тұрақты бақылауда,–Қ.Қошқарбекұлы.
Ал облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков коммуналдық меншіктегі су қоймаларының жай-күйіне тоқталды.
–Коммуналдық меншіктегі 106 су қоймасы арқылы суғарылатын жер көлемі 8100 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда су қоймаларында 5,35 миллион текшеметр су жиналғған. Жалпы қоймалардың жобалық сиымдылығы – 132,3 миллион текшеметр. Көктемге дейін 96,4 миллион текшеметр су жиналады. Алайда 9 су қоймасына су жиналмау қаупі бар. Мәселен Жамбыл ауданындағы «Сұлукөл» су қоймасы қазіргі таңда құрғап жатыр. Себебі тоғыз қоймаға су жеткізетін каналдарға құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өкінішке қарай аудан әкімдері су қоймаларының әлеуетін әлі де толық пайдаланбай отыр. Атап айтсақ, 106 су қоймасының 3-де ғана тамшылатып, жаңбырлатып суару жүйелері қойылған. Егер су үнемдеу техникаларын қолданса су қоймалары маңындағы 650 гектар багара, 500 гектардан аса жайылымды суармалы егістіккке ауыстыруға болар еді,–деді Аслан Ұланұлы.
Басқарма басшысының айтуынша биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 130 миллион теңгеге 10 су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Жалпы өңірде соңғы екі жылда 32 су қоймасы жөнделген екен. Ал келесі жылы 7 су қоймасын жөндеуге 97,4 миллион теңге қолдау тауыпты.
Cол секілді «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Олжас Қаржауов ағымдағы жылы 100 дана жаңбырлатып суару технологиясы алынатынын тілге тиек етті. Тиісті құжаттар рәсімделген. Жыл соңына дейін жаңбырлатып суаратын машиналар шаруалардың игілігіне беріледі. Бес жылға лизингке берілетін әр машинаның құны – 6 миллион теңге болса, 50 пайызын мемлекет субсидиялайды.
Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы корпорацияның жұмысына оң бағасын беріп, жиынға қатысушы сала мамандарына суармалы алқапты көбейте түсу үшін нақты міндеттер қойды.
–Өңірдің су балансы жасалуы керек. Мүмкіндіктер де, су ресурстары да жеткілікті. Сондықтан жүйелі жұмыс жасап, мүмкіндіктерді пайдаланып суармалы алқапты көбейтуіміз керек. Өкінішке қарай аудан әкімдері бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне бас қатырғылары келмейді. Биыл Қордай ауданы кезекпен су беріп, ешқандай мәселеге тап болған жоқ. Сол секілді су тапшылығын көрмес үшін қол қусырып отырмай түрлі амалдарын жасау керек. Мол және сапалы өнім алу туралы жиі айтамыз. Егер су болмаса қалай мол өнім аламыз. Жылы кеңседе отыра бермей су қоймаларын, каналдарды, тоғандарды, көлдерді аралап көріңіздер. Жай-күйімен танысыңыздар. Өтірік мәліметпен су тапшылығынан құтыла алмаймыз,– деді Б.Сапарбаев.
Талғат НҰРХАНОВ