Экономика

Іссапар мен форумдар қысқарады: үнемделген 300 млрд теңге қайда жұмсалатыны белгілі болды

Қосымша ревизия барысында бюджеттің өнімсіз шығыстары анықталды. Оны қысқартудың арқасында 300 млрд теңгеден астам қаржы оңтайландырылады

Бүгін үкіметте күн тәртібінен тыс бюджеттің өнімсіз шығыстарын қысқарту мәселесі қаралды. Аса маңызы жоқ шығындарды азайтудан үнемделетін 300 миллиард теңге экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталатын болды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. 

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов ұлттық экономика министрінен "бюджеттің өнімсіз шығыстарын қысқарту және экономиканы ырықтандыру бөлігінде қандай жұмыстар атқарылғанын" сұрады. 

Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында қаржы министрлігі тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп, республикалық бюджет шығыстарын анықтау мақсатында биылғы шығыстарға қосымша тексеріс жүргізген. 


Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша министрлік мынадай шараларды ұсынып отыр: 


Бірінші – мемлекеттік органдардың ағымдағы әкімшілік шығыстарын қысқарту. Бұл іссапарлар шығындары, форумдар өткізу, зерттеулер жүргізу және тағы басқа; 


Екінші – бірінші кезекте маңызы жоқ жобалар мен іс-шараларды, оның ішінде олардың орындалу мерзімін, мысалы әкімшілік ғимараттар салу, ағымдағы жөндеу, күрделі шығындар және тағы басқа іс-шараларды қайтадан қарау; 


Үшінші – мемлекеттік қолдаудың өнімділігі төмен іс-шаралары бойынша шығыстарды азайту; 


Төртінші – жобаларды, оның ішінде жекелеген іс-шараларды қаржыландыру және іске асыру шарттарын өзгерту есебінен шығыстарды оңтайландыру. 


Үкімет басшысы Олжас Бектенов жоғарыда аталған шараларды қолдайтынын жеткізді.