Қазақстан 2025 жылға қарай «көлеңкелі экономиканың» үлесін 15 пайызға дейін төмендетуге ниетті. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеген болатын. Ал «көлеңкелі экономиканы» тежеудің бір жолы – тауарларды таңбалау.
Мемлекет басшысы былтыр салықтық және кедендік түсімдердің сомасы 2019 жылмен салыстырғанда 18 пайызға қысқарып, 65 пайызды құрағанын атап өтті. Бұл жалған декларациялаумен тікелей байланысты. Пандемия мен локдаун кезінде Қазақстан-Қытай шекарасының өзінде дәл осыған қатысты 50 мың факті тіркелген.
«Көлеңкелі экономика» бюджеттің салықтық түсімдерден қағылуы ғана емес. Бұл – отандық өнеркәсіпке, халықтың денсаулығына, қоршаған ортаға тікелей төнген қауіп. Ел билігінің бұған ерекше назар аударып отырғаны да сондықтан. Президенттің Қаржылық мониторинг агенттігін құру туралы қадамға баруының астарында да дәл осындай маңызды міндет жатыр. Өткен аптада ғана жаңа агенттіктің басшысы Жанат Элимановты қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «көлеңкелі экономикаға» қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты күшейтуді, бұл ретте бизнесін адал істеп отырған кәсіпкерлердің мүддесін қорғауды және олардың жұмысына жөнсіз араласуға жол бермеуді тапсырды.
Қазақстан «көлеңкелі экономикамен» күрестің бір жолы ретінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауарларды таңбалауды бастады. Алдымен тері бұйымдарын таңбалау бойынша қанатқақты жоба жүзеге асырылғаны белгілі. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов былтыр өткен жиындардың бірінде пилоттық жоба саладағы бірқатар заңбұзушылықтардың бетін ашып бергенін жеткізді.
– Мәселен, тері бұйымдарын міндетті таңбалау кезінде қызметін патент негізінде жүзеге асыратын субъектілер саны 13 есе қысқарған. Соның нәтижесінде, 2018 жылы тауарларға арналған декларацияны рәсімдеген импорттаушылардың саны 30 пайызға артты. Кедендік баждар мен салықтық түсімдердің үлесі 40 пайызға көбейді. Аталған қызмет бойынша ішкі салықтық түсімдер 1,5 есе ұлғайды. Демек, жоба тиімділігін көрсетті, – деді Бақыт Сұлтанов.
Еліміздің темекі өндірісі мен саудасында да «көлеңкелі экономиканың» белгілері көп. Сондықтан былтыр елімізде темекі өнімдерін таңбалау басталды. Бұл өндірушілер, импорттаушылар, дистрибьюторлар, көтерме және бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлер үшін міндетті қадамға айналды.
Тауарларды таңбалау елдегі «көлеңкелі экономиканың» үлесін қысқарту үшін қолға алынғаны белгілі. Бұдан бөлек, өнімдердің қауіпсіздігін арттыру мақсаты да көзделіп отыр. Өйткені дүдәмал дүниелерден тұтынушылардың жиі зардап шегетіні белгілі. Сондай-ақ жаңашылдықтың нәтижесінде, нарықтағы өндірушілер мен кәсіпкерлер үшін адал бәсекелестікке жол ашатын орта қалыптасады. Мемлекет үшін де пайдасы зор. Бірінші кезекте қазынаға түсетін салықтық түсімдер көбейеді. Сонымен қатар нарықтағы мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру шығындары азаяды.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директоры Бақытгүл Қазақпаеваның айтуынша, темекі өнімдерін таңбалау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңге өткен жылдың 1 қазанында өттік. Осылайша, фильтрлі және фильтрсіз темекілер таңбалана бастады. Осы жылдың 1 сәуірінде таңбалаудың екінші кезеңі басталады. Бұл жолы сигара, сигарилла, электронды темекіге арналған өнімдер цифрландырылады.
Темекі қалай таңбаланады? Бұдан былай өндірушілер мен импорттаушылар темекінің әрбір қорабына DataMatrix штрихкодын жабыстыруы керек. Онда өндіруші туралы деректер, өнімнің сериялық нөмірі, тексеру коды шифрланған. Жасырылған деректерді арнайы аппаратпен оқиды. Мәселен, дүкендегі сатушы темекі қорабындағы штрихкодты арнайы аппараттың көмегімен сканерлейді. Сөйтіп, өнімнің сатылғаны туралы ақпарат фискалдық деректердің операторына келіп түседі. Одан әрі тиісті ақпарат тауарларды таңбалау мен бақылауға арналған ақпараттық жүйеге бағытталады. Осылайша, темекі қорабы «сатылды» деп белгіленіп, айналымнан шығарылады. Ақпараттық жүйеде өнімнің өндірілген уақытынан айналымнан шыққанға дейінгі қадамы толық бақыланады.
«Айналымда таңбаланып үлгерілмеген темекі өнімдері бар. Оны не істейміз?» деген заңды сауал туындайды. Бақытгүл Қазақпаеваның айтуынша, 2021 жылдың 1 қазанына дейін белгілері жоқ темекілердің айналымда жүруіне рұқсат беріледі. Дәл осы уақытқа дейін мұндай өнімдер толық сатылып кетуі керек. 1 қазаннан кейін таңбаланбаған темекі сатқан кәсіпкерлер үшін әкімшілік жаза тағайындалады. Яғни 200-500 айлық есептік көрсеткіш аралығында айыппұл салынады және тауар толықтай тәркіленеді.
Тауарларды таңбалау мен бақылануын қамтамасыз ететін бірыңғай оператор – «Қазақтелеком» АҚ компанияның Цифрлы экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиеваның айтуынша, бірінші кезекте темекі өнімдерін сатумен айналысатын кәсіпкерлер, өндірушілер, импорттаушылар мен дистрибьюторлар тауарлардың таңбалауы мен бақылануына арналған ақпараттық жүйеге тіркелуі керек. Бұдан кейінгі қадам – GTIN («Джитин») коды арқылы сатылатын тауардың барлық түрін енгізу.
– Қазір саудамен айналысатындардың бәрінде онлайн-кассалық аппарат бар. Олардың кейбірінде таңбаланған тауарды сканерлеуге арналған тетіктері болады. Егер ондай тетік болмаса, сканерлеу аппаратын міндетті түрде сатып алу керек. Нарықта оның түрі өте көп. Бағасы шамамен 20 мың теңгеден басталып, мүмкіндігіне қарай 100 мың теңгеге дейін жетеді. Бұдан бөлек, бизнес қауымдастық пен Мемлекеттік кірістер комитетінің ұсынысы бойынша таңбаланған тауарды тіркеуге, есептен шығаруға мүмкіндік беретін арнайы мобильді қосымша әзірленді. Бұл NaqtySauda.Kassa деп аталады. Қосымшаны кез келген смартфонға тегін орнатып, пайдалануға мүмкіндік бар. Нарықта мұндай қосымшалар жетерлік. NurKassa, WebKassa, ReKassa деген қосымшалар жұмыс істейді. Сондықтан нарықта ешқандай монополистік әрекет орын алмайды, – дейді Бикеш Құрманғалиева.
Бұл ретте темекі өндіретін отандық кәсіпкерлер таңбалауға арналған құрылғыларды сатып алу қосымша шығын екенін алға тартуда. Б.Құрманғалиеванің пікірінше, мемлекет отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында таңбалау құрылғыларына жұмсалатын шығынның 50 пайызын субсидиялайтын болады. Бұл шара биыл күшіне енбек.
«Қазақтелекомға» қарасты Цифрлық экономиканы дамыту орталығының акцизделетін өнімдерді таңбалау бойынша жоба менеджері Алмат Исмаиловтың дерегінше, бүгінгі таңда тауарларды таңбалау мен бақылаудың ақпараттық жүйесіне 16 мыңнан астам нарық ойыншысы тіркелген. Олардың қатарында ірі кәсіпорын желілері де бар. Сондай-ақ Қазақстан бойынша 55 мың сканер сатылған. Бұл елдегі сауда нүктелерінің 60 пайызы сканерлеу аппараттарымен қамтылды деген сөз.
– Уақыт өте келе саудамен айналысатын кәсіпкерлер толықтай қағазсыз жұмыс істеу жүйесіне көшеді. Таңбаланған тауарларға қатысты операциялардың бәрі электронды форматта жүргізіледі. Яғни ашықтық толық қамтамасыз етіледі. Демек, мұндай саланы тексерудің де қажеті болмайды. Жалпы, таңбалау бизнестің жұмысын біршама оңтайландырады. Кәсіпкерлер әрбір тауарды қадағалау мүмкіндігіне ие болады, – дейді Бикеш Құрманғалиева.
Еске сала кетейік, темекі өндірісі Қазақстан бюджетіне көп көлемде салық төлеп отыр. Дәлірек айтсақ, 2020 жылдың он айының қорытындысы бойынша салықтық түсімдердің негізгі бөлігін мұнай-газ секторы құраса, одан кейінгі орын темекі өндірісіне тиесілі. Бұл нарықта шетелдік үш ірі ойыншы бар. Олар – «Джей Ти Ай Қазақстан», «Филип Моррис Қазақстан» және «Бритиш Американ Тобакко Қазақстан Трейдинг». Аталған үш компания өткен жылдың 10 айында бюджетке 240,2 млрд теңге салық төлеген.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз