Карантин кәсіпкерлік саласына қалай әсер етті?
Карантин кәсіпкерлік саласына қалай әсер етті?
Пандемияның адамзат өміріне тигізген әсері мен салдары бәрімізге белгілі. Соның ішінде бұл нәубет кәсіпкерлік саласын да айналып өтпеді. Коронавирус індеті дүниежүзіне етек жайып, карантин жағдайы енгізілгелі біз қазақстандық кәсіпкерлердің де жағдайы құлдырағаны жасырын емес. Салық төлеу мерзімін шегеру, несие төлеу мерзімін шегеру, коммуналдық және жалға алу төлем мерзімін ұзарту, жұмыссыз қалған қызметкерлерге төлемақы беру секілді мәселелер жағадан алғаны да бар.
Көктемде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476 бабы (Төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша жауапқа тартылса, қазір 425 бап (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық, сондай-ақ гигиеналық заңнама талаптарын бұзу) қолданылады. Карантин шараларын алғаш енгізу барысында мұндай жауапкершілік заңнамада болмады. Дәл осы жағдай кәсіпкерлер арасында пікірталас туғызды. Себебі үлкен дәмханалар мен кішкентай ғана дүңгіршекке салынатын айыппұлдың бағасы бірдей, яғни Әкімшілік кодекстің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес, халықтың денсаулығына зиян келтірмейтін Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының, сондай-ақ гигиеналық нормативтердің, техникалық регламенттердің талаптарын бұзу жеке адамдарға 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК, 83 340 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Шағын бизнес немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін - 230 АЕК (638 940 теңге), орта бизнес үшін - 310 АЕК (861 180 теңге), ірі бизнес үшін - 1600 АЕК мөлшерінде (4 444 800 теңге). Сондықтан, бір айыппұлдың өзі бизнес субъектісінің ары қарай жұмыс істеуіне үлкен нүкте қоюы мүмкін. Осы бойынша біз үкіметке ұсыныс жолдаған болатынбыз.
Пандемия салдарынан бизнестің барлық бірдей саласы зардап шекті. Оның ішінде әсіресе ойын-сауық орталықтары мен отбасылық көңіл көтеру орындарының жұмысы тұралап тұр. Ол бизнес өкілдерін шығынға ұшыратып қана қоймай, жасөсіпірімдердің де құқығын шектейтіндей. Себебі, онысыз да карантин кезінде төрт қабырғаға қамалған жастар бос уақыттарында делаыс орындарына барып, достарымен араласқысы келеді.
Жоғарыда айтқанымдай, туризм, қоғамдық тамақтандыру, көлік, сондай-ақ ойын-сауық және демалыс салалары өте қиын жағдайға тап болды. Ахуал әлі де болса күрделі.
Нұрбол Қуанышбеков,
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы
Жамбыл аудандық филиалының басшысы