2021 жыл мұнай нарығы үшін жаман басталған жоқ. ОПЕК+ кезекті кездесуін өткізгеннен кейін «қара алтынның» бағасы біршама өсті. Бірақ бұл нарықтағы жағдай тұрақталды деген сөз емес. FinReview.info сарапшылары нарыққа тікелей әсер ететін тәуекелдердің әлі де жоғары екенін хабарлады.
Қаңтар айының басында ОПЕК+ мүшелерінің бас қосқаны белгілі. Кездесу қорытындысы бойынша ішкі нарықтың сұранысын өтеу үшін Қазақстан мен Ресейге мұнай өндіруді арттыруға мүмкіндік берілді. Дәлірек айтсақ, біздің ел тәулігіне 10 мың баррель өндіруге рұқсат алса, Ресей тәулігіне 65 мың баррель мұнайды артық өндіретін болды.
Ал ОПЕК-ке мүше Сауд Арабиясы керісінше, ерікті түрде мұнай өндіруді қысқарту туралы шешім қабылдады. Арабтар бекітілген квотаға қарамастан, ақпан және наурыз айларында «қара алтын» өндіруді тәулігіне 1 млн баррельге азайтпақ. Дәл осы жағдайлар мұнай бағасының өсуіне түрткі болды. Осылайша, Brent-тің бағасы барреліне 50 АҚШ долларына жетті.
Ақпан айында мұнай өндіру тәулігіне 8,1 млн баррельге қысқармақ. Бұл ретте ОПЕК мүшелері үшін ақпан айында жекелеген квоталар бойынша ешқандай өзгеріс енгізілмегенін атап өткен жөн. Жоғарыда айтқанымыздай, тек Сауд Арабиясы ғана өндіру көлемін азайтпақ. Бірақ бұл квотаға түзету енгізілді дегенді білдірмейді.
Жалпы, 2020 жыл мұнай нарығы үшін тосын сыйларға толы болса да, кезең табысты өрілді. Жыл басында Brent-тің бағасы барреліне 64 АҚШ долларына дейін көтерілді. Сәуірде 18 АҚШ долларына дейін құлдырап кетті. Бұл 1999 жылдың ақпанынан бері тіркелген ең төменгі орташа айлық баға ретінде тарихқа енді.
«Мұнай бағасының құлдырауына жаппай енгізілген карантиндік қатаң шектеулер мен мұнайды тұтыну көлемінің едәуір төмендеуі себеп болды. Соңғысы әлемдік қорлардың күрт өсуіне тікелей байланысты. Сондай-ақ ОПЕК+ мүшелерінің қысқа мерзімде келіссөздер жүргізуге ниет білдірмеуі де кері әсер етті. Саяси қитұрқылықтардың да ықпалы болғанын естен шығармау керек», дейді FinReview.info сарапшылары.
Дей тұрғанмен, 2020 жылдың мамырынан бастап мұнай бағасы біртіндеп өсе бастады. Бұған шектеу шараларының жеңілдетілуі, экономиканың қалпына келе бастауы оң ықпал етті. Сонымен қатар мұнайды тұтыну көлемінің өсуі мен өндірудің қысқаруы әлемдік қорлардың төмендеуіне жол ашты.
Қыркүйек пен қазанда баға тағы да төмендей түсті. Бұл жолы пандемияның екінші толқынына қатысты қалыптасқан теріс ахуал тыныштықты бұзды. Ал желтоқсан айына қарай Brent-тің бағасы барреліне 50 АҚШ долларына дейін өсті. Бұған әлемдік экономиканың қалпына келуіне қатысты оң болжамдар мен COVID-19 вирусына қарсы бірнеше вакцинаның пайда болуы туралы жағымды жаңалық әсер етті. 2021 жылдың қаңтар айында Brent-тің құны барреліне 55 АҚШ долларын құрады. Бұл соңғы тоғыз айдағы ең жоғары көрсеткіш екенін ұмытпайық.
– Бағаның қалыптасуына һәм өзгеруіне әсер ететін факторлар көп. Біз оны келесідей үш топқа бөлдік: іргелі, алыпсатарлық және геосаяси. Іргелі факторға мұнай өндіру және тұтыну, экономикалық даму және өсім, жинақталған қорлар жатады. Өндіру мен тұтыну қатынасында тепе-теңдік сақталуы керек. Сұраныстың ұсыныстан асып кетпеуі маңызды. Өйткені бұл – мұнай бағасын төменге тартатын теріс сигнал. Мұнайдың жинақталған қорларының индикаторын ескеру қажет. Себебі ол өндіру мен өндірістің ара қатынасын теңестіре алады. Экономикалық даму мен өсу – тұтыну көлемінің артуына ықпал ететін негізгі факторлар. Экономиканың өсу қарқыны неғұрлым жоғары болса, мұнай өндіру соғұрлым тез өседі. Тиісінше тұтыну көлемі де жоғарылайды. 2021 жылы мұнай бағасының өсуінің басты факторы ретінде экономиканың қалпына келуін, жаһандық ішкі жалпы өнімнің өсуін және адамдардың әдепкі тұтыну тәсілдеріне оралуын айтуға болады, – дейді FinReview.info сарапшылары.
Мұнай тауар биржаларында сатылатындықтан, оған қор нарығындағы ахуал да әсер етеді. Оны алыпсатарлық факторлар деп қарастырған дұрыс. Мұндағы жағдай инвесторлардың ықпалына қарай қалыптасады. Инвесторлардың қор нарықтарындағы болжамы мұнай бағасының өсуіне ықпал етуі мүмкін немесе керісінше жағдай орын алуы да ықтимал.
– Геосаяси факторда бағаны болжау мүмкін емес. Мәселен, қазір ОПЕК+ ұйымына мүше және мүше емес мемлекеттер арасында жедел шешуді қажет ететін мәселелер жинақталып қалды. 2020 жылдың сәуірінде елдер квота бойынша ұзақ уақыт бойы келісімге келе алмағаны есімізде. Бір жағынан біз Ресейдің мұнай өндіретін елдер арасындағы ықпалының өсіп, ал керісінше ОПЕК әсерінің төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз. Екінші жағынан, тақтатас мұнайы тарапынан да қауіптің бары білінуде. Бұл нарыққа тұрақсыздық әкелуі әбден мүмкін, – делінген FinReview.info зерттеуінде.
2020 жылы Brent-тің орташа бағасы барреліне 42 АҚШ долларын құрады. Сондықтан сарапшылар биылғы баға 45-50 АҚШ доллары аясында құбылады деп болжам жасауда. Болжам халықты вакциналаудың жылдамдығына және одан кейінгі тұтынушылық жағдайдың өзгеруіне байланысты болмақ. Әлемде халықты жаппай вакциналау басталғаны белгілі. Бұл процесс алты айдан бір жылға дейін созылуы мүмкін.
– Мұнай бағасы белгілі бір дәрежеде болжамдардан тұрады. Егер экономика тез қалпына келмесе, мұнай бағасы 5-10 пайызға түзетілуі мүмкін. Тәуекелдердің жоғарылығы АҚШ-тағы тақтатас мұнайының өнеркәсібіне тікелей байланысты. Соңғы мәліметтер бойынша тақтатас мұнайының кірістілігі 46 доллардан 52 долларға дейін өзгеруі ықтимал. Егер Brent бағасы көтеріле бастаса және ол 55-60 доллар көлеміндегі тұрақты деңгейге жетсе, АҚШ тақтатас мұнайын бұрғылау қондырғыларының санын көбейтеді. Тақтатас мұнайын өндіру ОПЕК+ ұйымының нарықты қолдауға бағытталған күш-жігеріне де кедергі келтіруі ықтимал, – дейді FinReview.info сарапшылары.
Қорыта айтқанда, АҚШ-тың тақтатас мұнайын өндіруді қалпына келтіруі баға тұрақтылығына үлкен қауіп төндіреді. Егер бір жыл ішінде баррельдің бағасы 55-65 АҚШ доллары аралығында құбылса, онда АҚШ-та тақтатас мұнайын өндіру жандануы мүмкін. Бұл жағдай «қара алтын» бағасын 35-45 доллар деңгейіне дейін төмендетуі ықтимал. Қазақстан мұндай сценарийлердің бәріне дайын. Өйткені 2021-2023 жылдарға арналған бюджетте мұнай баррелінің бағасы 35 доллар деңгейінде белгіленген.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
«2,5 МИЛЛИОН ТАБЫСЫМ ЖОҚ!»
Ұқсас жаңалықтар
Ақша айырбастау пункттерінде доллар 520 — 527 теңгеден саудаланып жатыр
- авторМағжан Орынбасар
- 17 желтоқсан, 2024