сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 18:11

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қолда бар қоймалар неге кәдеге жарамай тұр?

Қолда бар қоймалар неге кәдеге жарамай тұр?
ашық дереккөзі
Қолда бар қоймалар неге кәдеге жарамай тұр?

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев диқандардың өнімін қысқа сақтауда көкөніс қоймаларының артықшылығы көп екенін сан мәрте айтқаны есімізде. Аудандарға жасаған жұмыс сапарының бірінде де аймақ басшысы «Ең бастысы – өнімді көктемге дейін сақтау. Сонда құны едәуір артып, біздің фермерлер лайықты табыс табады. Бізге осы бағытта жұмыс істеп, көкөніс қоймаларын көбейту керек», деген еді.

Расында да аграрлық сектор дамып, диқандар мол табысқа кенелгенімен, егер көкөніс, жеміс-жидек сақтайтын қойма тапшылығы туындаса, онда бәрі де бекер. Өйткені шаруа біткен қойма болмағандықтан күзгі жиын-терін уақытында қолда бар өнімін алқап басынан сатып жіберуге тырысады. Салдарынан тұрғындардың сырттан келген дәл сондай өнімді бірнеше есе қымбат бағада тұтынуынан басқа амалы қалмайды. Негізі көктемнің көк өзегінде азық-түліктің кейбір түрлерінің тапшы болуы және бағасының өсуіне осы жайт бірден-бір себеп. Мәселен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының тұрақтандыру қоры есебінен арзанға сатылуы тиіс кейбір азық-түлік түрлерінің өзі жаз айында қымбаттап шыға келгені есімізде. Мәселен ерте көктемде картоптың бір келісі 75 теңгеден сатылса, көп уақыт өтпей 85 теңгеден, ал жаз айының басында 100 теңгеден саудаланып жатты. Сол кезде аталған акционерлік қоғамның басқарушы директоры Заңғар Кемелов елдегі төтенше жағдай режимі кезінде жұрттың жағдайы бары да, жоғы да жаппай азық-түлікті артығымен сатып алуға ұмтылып, қор есебіндегі азық-түлік тауарларының кейбір түрі межеленген уақыттан ертерек таусылып қалуымен байланыстырған еді. Сонда Заңғар Кемеловтің «Көкөніс түрлерін кезінде көптеп алып қойсақ, олар бүгінде бүлініп кетер еді. Өйткені бізде оны молынан сақтайтын қойма жоқ. Десе де біздің картоп нарыққа диқандардың жаңа картобы шыққанға дейін жетті» деп ағынан жарылғаны есте. Мұны сөз етіп отырған себебіміз, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары өңірімізде ешқашан көкөніс сақтайтын қойма тапшылығы болмағанын айтады. Басқарманың бөлім басшысы Дулат Оспановтың айтуынша, облыста сыйымдылығы 241 мың 800 тоннаны құрайтын 231 қойма бар екен. Оның ішінде сыйымдылығы бар-жоғы 58 мың 841 тонна болатын 90 қойма ғана мұздатқышпен жабдықталған. Қалғанының жай-күйі белгісіз, яғни қайсысы жаңа, қайсысы ескі екені де зерделенбеген. Өйткені осы 231 қойманың ішінде КСРО дәуірінен қалған, қойма деген аты ғана бар, бірақ не жылыту жүйесі, не мұздатқыш орнатылмаған нысандар жетерлік. Ал есепке алынған алқа-салқасы шыққан қоймалар біздің қажетімізді өтеп отырмағаны белгілі. Осы орайда «Бұрыннан бар осы ескі қойманың ішінде әжетке жарайтыны болса, жаңғыртып пайдаға асыруға болмай ма?» деген сұрақ туындайды. Әлде жаңғыртқаннан жаңасын салған тиімді бола ма екен? Қалай десек те әзірге бұл мәселеге ешкім бас қатырып отырмаған сыңайлы. Өйткені жаңа қойма салуға немесе ескісін жаңғыртуға жеке кәсіпкер ретінде шаруалардың өздері ғана мүдделі. Кімде-кім қойма салса немесе жаңғыртса, шаруаларға тек кеткен шығынның 25 пайызын субсидиялау арқылы ғана қолдау көрсетеді. – Облыста Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарында ғана қойма жоқ. Қалған ауданның барлығында көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын қойма жеткілікті. Әзірге шаруалар арасында қойма тапшылығы туындаған емес. Ал азық-түлік қорына келсек, қыстың соңғы 2 айы мен көктемнің бастапқы екі айы үшін көкөністің ішінде картоп, пияз, сәбіз секілді негізгі өнімнен 52 мың тонна дайындалды. Біздің облыс үшін жеткілікті. Қазір біз айтқан қоймалардың 132-сінде 115 мың тонна көкөніс, жеміс-жидек сақтаулы тұр. Қойма Тараз қаласында да жеткілікті. Мұнда біз айтқан 4 ай үшін 16 мың тонна көкөніс түрлері сақтаулы. Негізінен көктемде азық-түлік тапшылығы немесе бағаның қымбаттау мәселесі өніміміздің сыртқа кетуінен туындайды. Баға қай жақта жоғары болса, шаруалардың өнімін сонда жөнелтетіні белгілі. Себебі диқандар өнімді ұзақ мерзімге сақтағысы келмейді. Кез келген сақталған өнім өзінің бастапқы салмағын жоғалтатындықтан, кейде көктемде баға керісінше арзандап кететіндіктен мұндай тәуекелге екінің бірі бара бермейді. Егер жаңадан қойма саламын немесе жаңғыртамын деген шаруа қаржылай қолдауды қажет етсе, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына баруы қажет, – деді Дулат Молдабекұлы. Осыдан кейін біз аталған корпорацияның мамандарына жолықтық. Ондағы мамандардың сөзіне сүйенсек, қойма саламын немесе жаңғыртамын деген кәсіпкерлерге қаржы несие және лизинг түрінде 5 пайызбен 5 жылға дейін беріледі. Қаржы көлемі қойылатын кепілзатқа байланысты белгіленеді және лизингтік қолдауға ие болған кәсіпкерден кепілзат талап етілмейді екен. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорының басқару департаментінің директоры Арман Түймебаев акционерлік қоғам осы жылы республикалық пилоттық жоба ретінде әлеуметтік тауар өндірушілерге арналған «Алқаптан сөреге дейін» атты қаржылай қолдау тетігін жүзеге асырғанын сөз етті. Бұл қаржы шаруаларға 000,1 пайыз мөлшерінде беріліпті. Өңірде ет, сүт өндіретін жеке кәсіпкерлер болмаса, диқандар бұл қолдау түрінен бас тартқан көрінеді. Себебі осы қаржыны алып, қойма салған немесе оны жаңғыртқан кәсіпкер шарт бойынша жинаған өнімін сол қоймада сақтап, екі айдан кейін өнімді сатып, қаржыны кері қайтаруға мүдделі болған. Мұның мүмкін еместігін білген диқандар тәуекелге бармаған. – Бұл жоба келер жылы жалғасын табады деп күтілуде. Бірақ ол қаржыға ие болған адамға, қаражатты екі ай емес, бір жылдан кейін қайтаруға мүмкіндік беріліп отыр. Бұдан бөлек биыл картоп егетін шаруалар үшін 150 миллион теңге бөлінді. Шарт бойынша олар бұл қаржыны жоғары сұрыпты тұқым алуға жұмсап, кейін соның есебінен осы картопты бізге тиімді бағада беруі қажет. Бүгінде ол қаржының 90 миллион теңгесі жұмсалды. Негізінен әлеуметтік қорда көкөністің картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат секілді негізгі төрт түрі ғана сақталады. Өйткені бұл өнімдер тұрғындар күнделікті тұтынатын тауар есебінде. Бүгінде 270 тонна картоп, 191 тонна сәбіз, 100 тонна пияз, барлығын қосқанда 500 тонна көкөніс сақтаулы тұр. Қор есебінен картоп сатып алатын болсақ, кімнің қоймасы бар, сонымен келісімшарт жасаймыз. Кез келген сақталған өнім бастапқы салмақтың 10-15 пайызын жоғалтады. Бірақ келісімшарт бойынша өнім иесі бізге қанша тоннаға келістік соны сақтап береді. Біз шетінен алып әлеуметтік дүкендерге таратамыз. Иелігімізде көкөніс қоймасы жоқ болғанымен, біз бұл мәселені шаруалардың өздері арқылы осылай шешіп отырмыз, – деді Арман Бекмұратұлы. Облыстағы 230 қойманың 132-сінде 115 мың тонна көкөніс, жеміс-жидек сақтаулы десек, қалған 98 қойма бос тұр. Соның үшеуі «Ауыл Береке» базарында орналасқан жартылай жерасты қоймалары. Бұл жер Кеңес үкіметі уақытында облыс бойынша көкөніс, жеміс-жидек дайындап-сақтайтын база болғанын елден естігенбіз. Аумағы 20 гектардан асатын сол базада кезінде жемістің 42 түрінен шырын, тосап, және көкөністерді консервілейтін, тұздайтын бірнеше шағын цех пен тұздықталған, маринадталған өнімді сақтайтын сыйымдылығы 650 тонна және көкөніс, жеміс-жидекке арналған барлығы 26 мың тонна бірнеше қойма болған көрінеді. Осы арқылы Тараз қаласындағы 250 дүкеннің сұранысын үздіксіз қанағаттандырған қойманың қазіргі жағдайын білмекке арнайы бардық. 1995 жылдардағы жекешелендіру салдарынан талан-таражға түскен ол нысандардан қазір аман қалғаны осы үш қойма екен. Оған иелік етіп отырған жеке кәсіпкер Әуезбек Салабековтің айтуынша, біреуіне 2500 тонна картоп, қалған екеуіне 1500 тонна көкөніс емін-еркін сияды. Қазір олар көлемі 2,7 гектар болатын «Сұңқар» сауда орталығында тұр. Биіктігі бес метрлік қоймалардың жартысы жер астында жатса, оған ауыр жүк көліктері кедергісіз кіріп-шыға алады. Маңында үлкен автотаразы орналасқан. Қойма ішін желдетуге арналған құрылғылар нысанға жеке-жеке жапсарлас орнатылыпты. Төбесі темірден жасалған жабындымен шатырланған. Қабырғасы үш қабат цемент ерітіндісімен сыланған. Оның әр қабатының біреуі тақтайдан, тағы бірі шынымақтадан (стекловата) тұрады. Қалыңдығы кісі құлаш. Артқы жағында арнайы жасалған теміржол тұйығы да бар. Ол қойманың бірінде 350 тонна пияз бен 20 тонна асқабақ жатқаны болмаса, былайша қаңырап бос тұр. Жұмыс істеп тұрған бұл қоймалардың неліктен бос тұрғанын сұрағанымызда бірқатар мәселенің шеті шықты. – Бұл қоймаға дейін келетін негізгі жол әркімнің иелігіндегі жер учаскелерінде қалып, олардың орнына түрлі сауда нысандары салынып кеткен. Сол үшін базар ішімен саяжайға өтетін жолдан бұрылып келуге болады. Бірақ ол ойлы-қырлы болғандықтан көлік иелері жүруге қиналады. Сондықтан оны асфальттамасақ та жай жол үшін кедір-бұдыр жерді сүріп, тегістеп, көлік өткенде шаң-топалаң болмас үшін тас төсеп тастау керек. Оның қашықтығы 2 шақырымға жетпейді. Одан кейінгі тағы бір мәселе – өнімін қоймаға сақтағысы келгендер шіріп кетсе, өтеп бересің деп шарт қояды. Мен бас тартамын. Содан кейін олар кетіп қалады. Ол шартты мойныма алуым үшін қоймаларға жаңғырту жұмыстары мен температураны реттеп отыратын заманауи құрылғылар қажет. Ондай жабдықтар алуға менің шамам келмейді. КСРО дәуіріндегі жылу жүйелері әлдеқашан тозып біткен. Ауа алмастыратын құрылғы бар дегені болмаса жұмыс істемейді. Мәселен пияз жылуды қажет етпейді. Ол суыққа ұрынбаса жата береді. Ал сәбіз суықты сүйеді. Сол секілді әр көкөніс, жеміс-жидек белгілі бір температурада сақталуы керек. Құрылғы, жаңғырту жұмыстары сол үшін қажет. Мұндай құрылғыларды алу үшін 150 миллион теңге, ал жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін 250 миллион теңге қажет. Осы мөлшердегі қаражатты сұрап облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына да барғанмын. Аталған мекемелерден екі-үш мәрте мамандар келіп көргенімен, сұранысым қанағаттандырылмады және оның себебін де айтқан жоқ. Өзім бұрын бұл жер көкөніс және жеміс-жидек базасы болып тұрғанда өнімді дайындау-сақтау пунктінің меңгерушісі болдым. Кеңшар-ұжымшарда өнімді қабылдау, сақтау, тиісті орынға жөнелту ісімен айналыстым. Қазір шамамның келгенінше құрылыс материалдарын сақтайтын бірнеше қойма салып алғанмын. Өйткені ол көкөніс секілді айрықша жағдайды қажет етпейді. Ал бұрынғы көкөніс қоймалары жекешеленген уақыттан бері бос тұр. Төбесінің қалыңдығы 50 сантиметр және суық өткізбейтін керамзит төселіп, арнайы материалмен жабылса да, мен оның үстін шатырлап тастадым. Өйткені бұрын өз қолымда болған дүние көз алдымда тозып кетпеуі керек. Күндердің күнінде әжетке жарар деген үмітім бар. Бүгін қажет болмаса, билік бұған ертең назар аударары анық. Егер іскер жігіттер қойманы жалға немесе сатып аламын десе сыйымдылығы осындай жаңа қоймаға кететін қаражаттан әлдеқайда төмен бағаға берер едім. Бірақ олар мұнда тек көкөніс сақтау ісімен айналысуы қажет. Егер мемлекет ең төменгі пайызбен несие берсе қуана-қуана келісер едім. Өйткені өзім көкөніс сақтаудың маманымын, – деді Әуезбек Әсембекұлы. Біз облыста қойма тапшылығы жоқ дейін десек, оның іске жарайтыны мен жарамайтынын қосқанда барлығының сыйымдылығы 232 мың тоннаны ғана құрайды. Ал басқа азық-түлік түрі тұрмақ жеміс-жидектің өзін қоспағанда тек көкөністің өзі өңірде 1 миллион 187 мың тоннаны құрап отыр. Аталған қоймаларға тек осы көкөністің төрттен бір бөлігі де сыймайды. Оның үстіне бүгінде аудандарда және Тараз қаласы мен оның маңайында жаңадан қоймалар салудың қолға алынуы қойма тапшылығын болдырмау амалының дәлелі. Десе де біз атап көрсеткен тәп-тәуір қоймаларды жаңғыртып, пайдаға асыруға не кедергі? Егер жаңғыртуға кететін шығын, жаңа қойма салуға жұмсалатын қаржыдан асып кетпесе, бұл қолға аларлық шаруа емес пе?! Мемлекет тарапынан осындай қоймаларды жаңғырту үшін оның иелеріне жеңілдетілген пайызбен несие берілсе немесе мүдделі мекемелер жөндеп беріп серіктес болса, бұл облыс экономикасы үшін көп көмек болмақ. Күзде алқап басынан алымсаққа сатқан өніміміздің, сыртта 4-5 ай сақталып, көктемде өзімізге екі есе бағағада қайтып келуі сәл де болса тыйылар еді.

  Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар