Отандық агроөнеркәсіп 45 млн адамды асырай алады
- авторjambylinfo.kz
- 30 желтоқсан, 2020
- 225
Әлемде кейінгі жылдары азық-түлік өнімдеріне, әсіресе табиғи органикалық өнімдерге сұраныстың артуы және елімізде игерілмеген жер ресурстарының молдығы мемлекеттің саланы қолдауға деген ынтасын арттырды. Оның үстіне коронавирус қиыншылығы ел экономикасының қабілетті салаларын айқындап берді. Соның алдыңғы қатарында ауыл шаруашылығы, құрылыс, дәрі-дәрмек өндірісі, машина жасау салалары бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын кеңінен қолдау қажеттігін атап көрсетіп, тиімділігін арттыру үшін саланы цифрландыруды жолға қою, жер пайдалану ісін ретке келтіру, қарапайым халықтың тіршілігіне азық боларлық істерді жеделдетіп шешуді Үкіметке тапсырды.
Ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көлемінің артқаны жыл басында, көктемгі дала жұмыстарына әзірлік барысынан-ақ көзге көрінді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қолдау іс-шараларына республикалық бюджеттен 70 млрд теңге несие бөлінді. Бұл былтырғы көлемнен 10 млрд теңгеге артық. Қаражат республиканың 2,4 мың ауыл шаруашылығы өндірушісіне беріліп, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бағытталды. Сонымен қоса Президент тапсырмасы бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 100 млрд теңге бөлінді. Оның үстіне бидай, арпа, қарақұмық және майлы дақылдарды форвардтық сатып алуға 24,5 млрд теңге бағытталды.
Осы мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде отандық ауыл шаруашылығы саласы 2020 жылды табысты қорытындылады. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың Үкімет отырысында жасаған баяндамасында айтылғандай, 10 айдың қорытындысында сала бойынша жалпы өнім көлемі 5,2%-ға ұлғайып, 5,4 трлн теңгені құрады. Бұл өсім негізінен өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 7,1%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Оған еліміздің үш облысында өнім көлемінің едәуір деңгейде артуы жақсы үлес қосты. Атап айтқанда, өнім көлемі Қостанай облысында – 121,3%, Ақмола облысында – 114,1% және Павлодар облысында 105,5%-ға артты. Мал шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі көрсетілген кезеңде 2,7%-ға ұлғайып, 2,1 трлн теңгені құрады.
Бұл ретте тірідей салмақтағы ет өндіру көлемі 3,7%-ға, сүт өндіру көлемі 3,1%-ға ұлғайды. Көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,4%-ға өсіп, 1,6 трлн теңгені құрады. Атап айтқанда өңделген күріш өндіру көлемі 36,8%-ға, сары май 17,1%-ға, шұжық өнімдері 14,6%-ға, макарон 9,7%-ға, жарма 5,6%-ға, ұн 5,1%-ға, қышқыл сүт өнімдері 4,5%-ға, ірімшік және сүзбе өндіру 2,1%-ға арта түсті.
Әрине, еліміз індет әлегіне тап болып, қиындығы қабаттасқан тышқан жылы миллиондаған адамның тіршілігіне нәр беріп отырған ауыл шаруашылығының алға басуы көңілге медеу. Мемлекет қамқорлығы мен жеке құрылымдарды жұмылдыру нәтижесінде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция биылғы он айда 7,5%-ға ұлғайып, 412,5 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестиция 20,1%-ға артып, 75,3 млрд теңгені құрады. Соның ішінде мемлекеттің ауыл шаруашылығын қолдау көлемі тек соңғы үш жылда 1,5 есеге ұлғайып, 2020 жылы 350 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл ретте субсидиялардың 95 пайыздан астамын тікелей ауылдық жерлерде орналасқан агроөнеркәсіптік кешен субъектілері алатынын айтқан ләзім.
«Агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау барынша оңайлатылды және толықтай автоматтандырылды, бұл субсидия беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді С.Омаров Сенаттағы ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі парламенттік тыңдауда.
Ведомство басшысының айтуынша, мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру шеңберінде өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидия бірыңғай қағидаға біріктірілген. Өсімдіктерді қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілді. Енді гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлері субсидияланады. Басты жаңалықтардың бірі – субсидияларды күнтізбелік жыл аясында емес, тұқым, тыңайтқыш, пестицид сатып алынған күннен бастап 12 ай бойы алуға болады.
Фермерлер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында мал сатып алуға кредит беру кезінде кепіл саясаты оңтайланды. Мәселен, кепілге малдың өзі (85%) алынады, бұл ретте анық кепілмен қамтамасыз ету небәрі 15%-ды құрайды.
Жылдың тағы бір жаңалығы – агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне жеткілікті кепілдік базасы болмаған жағдайда, екінші деңгейлі банктердің кредиттеріне кепілдік беру тетігі қолжетімді болды. Бұл тетік Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы іске асырылады. Қор мамандарының айтуынша, кепілдіктер кредит сомасының 50 пайызын және басым инвестициялық жобалар бойынша 85 пайызды құрайды.
Жоғарыдағы істердің нәтижесінде 15,8 млн гектар астық дақылдары егістігінің әр гектарынан 12,8 центнер орташа өнімділікпен 20 млн тоннадан астам астық бастырылды. Бұл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісінің көлемі елдің ішкі қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге және 7-8 млн тонна астық көлемінде экспорттық әлеуетті іске асыруға мүмкіндік береді. Астық сапасы да арта түсті. Элеваторларға түскен астықтың 80%-ның сапалық сипаттамалары жоғары. 2019 жылы бұл көрсеткіш 54,4% құраған болатын.
Биыл жалпы ауыл шаруашылығы дақылдары 22,5 млн гектар алаңға егілді. Бұл былтырғыдан көп. Соңғы жылдары бидай егілетін жер аумағы біртіндеп азайып, оның орнына экономикалық өнімділігі жоғары майлы дақылдар көптеп егіле бастады. Қазір елімізде майлы дақыл егілген жер көлемі 3 млн гектарға таяды, бұрын 400 мың гектардан аспайтын. Демек майлы дақылдар ішкі қажеттілікті өтеп, экспортқа молынан шығарылмақ.
Сондай-ақ мал, құс шаруашылықтарын дамыту ісі жүйелі жолға түсе бастады. Мал мен құс саны өсіп келеді. Сала сапалы дамуға бет түзеді. Егер бұрын жылына 3-5 өнеркәсіптік сүт фермасы іске қосылса, ағымдағы жылы 33 сүт фермасы жобасы іске асырылды. Жалпы, Кешенді жоспардың индикативтік міндеті аясында жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлы сүт фермасын іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар қуаты 103 мың тоннаны құрайтын ет өңдеуші кәсіпорындарды салу бойынша 9 жоба іске асырылуда, олар ішкі нарықты шұжық өнімдерімен қамтамасыз етеді.
Алған өнімді экспортқа шығару көрсеткіштері жаман емес. Мәселен, былтыр еліміз Ресей, Өзбекстан, Қытай, Германия, Түркия, Беларусь, Румыния сияқты 40-қа жуық мемлекетке 7 млн тоннадан артық астық экспорттаса, биылғы мөлшер 8 млн тоннаға жетіп жығылады деген болжам бар. Экспорттың негізгі көлемі бидай мен ұнға тиесілі. Бұдан тыс өсімдік майы, кондитер, балық өнімдері, сондай-ақ балалар тағамы және сүт өнімдері, мақта талшығы, өңделген жем (кебек, қалдықтар) де экспортқа шығарылады.
Бұрын қазақстандық астықты негізгі импорттаушы елдер Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ауғанстан мен Иран болса, енді Қытайға астық пен ұн экспорты көлемін ұлғайту жоспарлануда.
Биыл ауыл шаруашылығы саласында орын алған төтенше оқиға ретінде солтүстік өңірлерде өршіген құс тұмауын айтуға болады. Дәтке қуат етерлігі, бұл кесел дер кезінде ауыздықталды. Еліміздің ветеринарлық саласы кеселмен күреске қабілеттілігін көрсетті.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері БҰҰ деңгейінде де мәлімделгенін айтуымыз керек. Халықаралық ұйымның «Еуропа мен Орталық Азиядағы тұрақты азық-түлік жүйелері мен салауатты тамақтану рациондары» сессиясында сөз сөйлеген Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров пандемия жағдайында көптеген елдер оқшауланып, азық-түлік өнімдері саудасын тоқтатқан кезде Қазақстан Үкіметі ауыл шаруашылығы саласын жаһандық дағдарыстың ықпалынан сақтап, ішкі және сыртқы нарықтарға азық-түлік жеткізу мәселелерін тұрақтандыруға қол жеткізгенін атап өтті. «Локдаунға және оған байланысты шектеулерге қарамастан, Қазақстан көрші елдерге азық-түлік жеткізуді жалғастырды. Осы жылдың 8 айында ШЫҰ елдеріне 1,3 млрд доллардың азық-түлігі жөнелтілді, Орталық Азия елдеріне гуманитарлық көмек ретінде 10 мың тоннадан астам ұн жіберілді. Айта кету керек, FАО мәліметтері бойынша, өткен жылы бидай мен ұн экспорты есебінен Қазақстан Жердің 45 миллионнан астам тұрғынын тамақтандырды» деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ еліміз көрші елдердегі сұраныстың өсуін ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өндірісін ұлғайта түспек. Әрине бұл ретте сандық көрсеткіштер ғана емес, сонымен қатар өнім сапасы да маңызды болмақ. Қазақстанның органикалық ауыл шаруашылығын дамыту мүмкіндіктері орасан. Еуропалық комиссияның ресми мәліметтері бойынша, Қазақстан Еуроодаққа органикалық агроазық-түлік өнімдерін жеткізетін 123 елдің ішінде 9-орында. Ал органикалық бидай мен майлы зығыр тұқымдарын сату бойынша еліміз абсолюттік көшбасшылар қатарына кіреді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз