Өрелі істе өркендеу бар
Өрелі істе өркендеу бар
Ақбұлым ауылдық округі – тарихи таңбаларға, ескерткіштерге бай елді мекен. Әсіресе, Қарасай шатқалындағы таңбалы тастар шоғыры ата-бабаларымыздың өмірінен сыр шертіп жатқандай. Қола дәуірінде адам баласы аң аулап, тіршілік жасаған әрі олар қолға ұстаған, көрген аңдарының бейнесін тасқа ойып салып отырған. Қарасай петроглифтері тау аңғарларында тұрған ежелгі адамдардың тұрмысын, салт-дәстүрі мен жосын-жоралғыларын айғақтайтын әмбебап үлкен тарихи кешен болып табылады. Онда тауешкі, ат, бұқа, ит, түйе және басқа хайуанаттардың суреттері кездеседі. Адамдардың аңшылық іс-әрекеттерімен қатар, тауешкілердің артқа қайырылған үлкен мүйіздері тасқа шеберлікпен бейнеленгенінен олардың киелі аңдар қатарына жатқызылғандығын көреміз. Кейбір тауешкілердің мүйізі қайқайып әрі үлкейтіліп түсірілсе, басқаларының мүйіздері денесіне сай салынған. Таңбалар арасында түйелердің бейнелері де жиі кездеседі. Түз тағыларынан қабан, ұзын құйрықты түлкі, қасқыр, қазіргі үй жануарларынан аумайтын бір топ бұқаның суреттері асқан шеберлікпен бедерленген. Қалай болғанда да әрбір бедерде көне замандардағы белгісіз тас қашаушы шебер суретшілердің қоршаған ортаға өзіндік көзқарасы мен пайымы сипатталған. Бүгінде осы тарихи өлкеде талай ілкімді істер атқарылуда. Ауылдық округ әкімі аппаратында 7 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Сонымен қатар ауылдық округ тұрғындарына 1 әлеуметтік қызметкер, 1 ветеринариялық пункт, 1 дәрігерлік амбулатория, 9 дүкен, 1 монша, 1 дәріхана, 1 фотосалон, 1 мешіт қызмет көрсетеді. Округте 2 көкөніс сақтайтын қойма, 3 жылыжай бар. Ауылда 1 мектеп, 2 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жасөспірімдерді білім нәрімен сусындатуда. Осыдан екі жыл бұрын Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясы күрделі жөндеуден өтсе, биыл 6 млн 180 мың теңгеге «Балауса» балабақшасының ауласында ойын алаңы бой түзеп, абаттандырылды. Бүгінде ауыл келбеті айшықталып, тұрғындардың тұрмысы жақсарып келеді. Негізі, ауылдағы әрбір істің оң шешім табуына қомақты қаржы қажет. Яғни, барлық шаруа қаржыға келіп тірелетіні сөзсіз. Ауылдық округ әкімі аппаратының 2020 жылға жоспарлаған шығыстары 94 млн 928 мың теңге болса, оның бүгінде 60 млн 224 мың теңгесі игерілді. Алдағы уақытта да қалған қаржының дұрыс игерілуі жолында жұмыс жасайтын боламыз. Ауылда, негізінен, тұрмыс-тіршілік мал, егін шаруашылығымен байланысты болғандықтан, оны айтпай кетуге болмас. Мал шаруашылығы бойынша қолға алынбақ алғашқы міндеттердің бірі ірі қара малын асылдандыру жұмыстары болып отыр. Асыл тұқымды мал өсіруге, мал бордақылауға, соның арқасында жаңа жұмыс орындарын ашуға несиелер берілуде. Көпке мәлім «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламалары бойынша ауыл тұрғындары несие алып, жұмысын жандандыруда. Қазіргі таңда округте 1261 бас мүйізді ірі қара, 3763 бас қой-ешкі, 260 бас жылқы, 2500 үй құсы бар. «Мал баққанға бітеді» демекші, соңғы жылдары округте жайылым тапшылығы сезіле бастады. Бұл дегеніміз, төрт түлікті кәсіп етіп отырған шаруаларға айтарлықтай қиындық тудыруда. Қазіргі таңда мал жайылымының жалпы аумағы 844 гектарды құрайды. Ауылдық округте егін шаруашылығында да өркендеу бар. Округте 193 шаруа қожалығы тұрақты жұмыс жасайды. Биыл 20 гектарға картоп, 59 гектарға көкөніс, 159 гектарға көпжылдық екпелер, 30 гектарға жүгері, 140 гектарға жоңышқа, 436 гектарға дәнді дақылдар егілді. 50 гектарға егілген жаздық арпа толығымен жиналып алынды. Ауылда 60 шаруа қожалығы алма өсірумен айналысады. Олар өнімін негізінен Тараз қаласындағы базарлар мен азық-түлік дүкендеріне, жеміс-жидек сататын орындарға өткереді. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл өткен сайын жанданып келеді. Шағын және орта бизнесте де ілгерілеу байқалады. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламаларды және мемлекет тарапынан беріліп жақтан несиелерді ұтымды пайдалануда. Араларында қайтарымсыз несиеге қол жеткізген азаматтар да бар. Ауылда тұрғындарға қызмет көрсететін әлеуметтік нысандардың барлығы дерлік қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Талай жылдан бері жырға айналған таза ауызсу мәселесі де биыл оң шешімін тапты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ауылға таза ауызсу құбыры тартылуда. Құны 748 млн 483 мың теңге болатын құрылысты «Арайстроймаркет-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Бүгінде жер қазу, құбырды орналастыру жұмыстары қарқын алды. Ал, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 2 млн 856 мың теңгеге Қарасай батыр көшесі күрделі жөндеуден өтті. 5 млн 600 мың теңгеге Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштің ауласы абаттандырылды. Ауылда жұмыссыз жүрген азаматтарды байқамайсың. Тұрғындардың басым көпшілігі қалада қызмет етеді. Ал еңбекке жарамды, бойында қуаты бар азаматтардың бір бөлігі егістік басында жүрсе, енді бірі мал соңында. Қалғаны түрлі салада қызмет етуде. Биыл аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 13 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Әлеуметтік төлемдер де дер кезінде төленуде. Көпбалалы 79 отбасыға мемлекет тарапынан тағайындалған жәрдемақылармен қатар түрлі көмектер көрсетіліп тұрады. Қазіргі таңда ауылдық округте атаулы әлеуметтік көмек 64 отбасына тағайындалды. Жалпы, ауылдық округте алда әлі атқарылатын біраз шаруа бар. Біз бұл жұмыстарды ауыл тұрғындарымен бірге еңсеретін боламыз. Өйткені, округтегі тиянағын тапқан кез келген істе ақбұлымдықтардың береке-бірлігі мен қажырлы еңбегі жатыр.
Сағынбек ЖАНЫСБАЕВ, Ақбұлым ауылдық округінің әкімі