Экономика

Рубль бағамы теңгенің тұрақтылығына қалай әсер етуде?

Рубль бағамы теңгенің тұрақтылығына қалай әсер етуде?

АҚШ-тағы сайлау қарсаңында рубль құлдырады. Алайда, одан кейін орыс валютасының бағамы қайта бекіді. Доллардың жай-күйі мұнша мәз бола қойған жоқ. Ірі банктер Байденнің мемлекет тізгініне келуі америкалық валютаға ешқандай жақсылық алып келмейтінін ескертіп үлгерді.

Дегенмен, ресейлік валюта осы жылдың ең үлкен түңіліс әкелген құбылысы атағына лайықты болғанымен, Швейцария банкінің сарапшылары оның әлсіреткен факторлар уақытша деп санайды.

Рубль үшін қараша айы өзгеше өтті. 2010 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта ресейлік ақша бірлігі америкалық валютаға қатысты орташа есеппен үш процентке арзандады. Ал, осы жылы беске жуықтады.

Бұл жайтқа Pfizer мен Moderna вакциналарының жоғары тиімділігі туралы ақпарат та ықпал етті. Бұл инвесторлардың үміті қайта жанып, оптимистік көзқарастың арқасында мұнай бағасының өсуіне әсер етті. Brent баррелі 48 доллардан асып, наурыз айынан бері жоғарғы көрсеткішке жетті. Сәйкесінше, инвесторлардың тәуекелге толы активтерге сұранысы артты. Бұл, негізінен, сарапшылардың пікірінше, жылдамырақ ес жинап, қалпына келетін дамушы елдердің құнды қағаздары мен валюталары. QBF аналитигі Ксения Лапшина олардың қатарында рубль де бар деп түсіндірді. Ресей валютасына қатысты доллар бағамы қазіргі уақытта екі айдағы ең төмен деңгейде.

Коронавирустың Ресей мен әлемге ықпалы нәтижесінде Шығыс Еуропадағы ең әлсіз валютаға айналған ресейлік рубль жылдың ең үлкен жағымсыз әрі түңіліске толы құбылысына айналды.

Мұның басты себептері – елден капиталдың кетуі, жинақтар құрылымының өзгеруі, соның ішінщде, банк депозиттерінен қаражаттың жиі шешілуі. Навальныйға қатысты оқиға, Беларусьтегі сайлау, Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыс та әсер етпей қоймады.

Бірақ, негативті факторлардың басым бөлігі уақытша. Экономикалық өсім, ағымдағы операциялар есебі және нақты пайыздық мөлшерлемелер секілді негізгі көрсеткіштер бойынша ресейлік валютаға лайықты баға берілмей отыр. Яғни, рубльдің әлеуеті әлі де жоғары. Егер, қандай да бір геосаяси кезекті оқиға орын алмаса, бір доллар үшін 70-72 деңгейінде одан әрі нығаю болжанып отыр.

Алайда, рубль мұнай нарығындағы сұраныстың қалпына келуіне байланысты тауар валютасы ретінде нығая түсуі ықтимал. Баға ұсыныстарының өсуі вакцина әзірлеу саласындағы жетістіктер туралы жаңалықтарға қатысты барған сайын айқын болып көрінеді. Жыл соңында рубль бағамының үш-бес пайызға көтерілу ықтималдығы жоғары.

Мұнайдың келешектегі арзандауы мен доллардың әлсіреуіне ең алдымен мұнай валюталары қоладу көрсетеді және мұндай валютаның бірі – ресейлік рубль.

Ал, долларға қатысты, вакциналарды сынақтан өткізудің аяқталуы және оларды қолдану оған кері ықпал етуі мүмкін. Тиімді екпелер әлемдік саудаға қан жүгіртеді. Сонда 2000-шы жылдардағыдай жағдай туындайды: ол кезде Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып, бұл фактор жаһандануды жеделдетті және доллардың арзандауына ықпал етті. Бұл құбылыс бірнеше жылға созылды.

Қазір доллардың алты негізгі валютаға қатынасын айқындайтын DXY индексі қыркүйек айынан бері төмен көрсеткішті көрсетіп отыр. Оған Байденнің билікке келуі мен экономикалық саясаттың ауысуын күту әсер етіп отыр.

Әлемдегі ахуалға қарамастан, төл теңгеміз сәл де болса күшейіп келеді. Бүгін қор биржасындағы сауда-саттықтан кейін ұлттық валюта 47 тиынға нығайған. Осылайша 1 доллар 421,37 теңгені құрады. Ал, еуро 511 теңге 98 тиын. KASE-дегі қалыптасқан бағамда теңгенің рубльге шаққандағы құны 5 теңге 67 тиын.

Осы орайда, жақында ғана әлемде коронавирустың вакцинасы табылды және ол үш кезеңнен сәтті өткенін ескерген жөн. Демек, осы фактор жағдайға едәуір әсер етті. Мұнай нарығында бірден баға 9 пайызға өсті. Сайлауалды операциясы келе жатыр. Осы науқанның алдында белгілі бір дәрежеде Ұлттық банк теңгенің күші күшті болу бағытында интервенция  жасауы да мүмкін, өктемділік саясатын да жасауы мүмкін, белгілі бір дәрежеде күшті теңгені біраз уақыт ұстай тұрады.

  Мақсат Халық, экономикалық сарапшы