Құрылыс барысы – депутаттар назарында
Құрылыс барысы – депутаттар назарында
«Болар істің басына – жақсы келер қасына» дегендей-ақ Абай көшесі бойынан екі бірдей зәулім нысанның бой көтеруі болашақта аудан орталығының келбеті мен көркіні одан сайын ажарландыра түсетіні даусыз. Өткен-кеткендер бұл тұсқа көз тастамай өте алмайды. Жергілікті жастар болашаққа сеніммен қарап, көп үміт күтеді. Сол үміттің оты лаулайтын күнде алыс емес. Сондықтан да шығар, аудан жастары құрылыс жұмысы жоғарғы қарқынмен жүргізіліп жатқан спорттық-сауықтыру кешенін қазірден-ақ айналшықтап жүр. Нысан қазан айында пайдалануға берілмек. Келесі нысан көп пәтерлі бес қабаттан тұратын тұрғын үй құрлысы. Бұл нысанның құрылысы кеше ғана бастау алғандай еді, санаулы күндердің ішінде қабырғасы бой көтеріп қалған. Мердігер мекеме «биномдықтардың» сөзіне сенсек, құрылыс жұмысы жыл аяғына дейін аяқталып, 76 адамды қуанышқа кенелтпекші. Қос ғимараттың бүгінгі тіршілігімен танысу үшін аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев, аудандық мәслихат депутаты Индира Тоғанбаева, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Қуаныш Қарашолақов және аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов жұмыс сапарымен жолға шығып, осында келген. Тиянақты тірлік пен жүйелі жұмысқа көңілі толған Рүстем Әлішұлы: – «Аса – аудан айнасы болу керек». Бүгінгі күннің талабы сондай. Оның үстіне ауданымыз Тараз қаласын қоршай орналасқан. Аудан орталығы облыс орталығынан кем болмауы қажет, – деді. Расында, осыдан 10-15 жыл бұрынғы Аса ауылынан бүгінгі кескіні көз тартатынын ескерсек, жаңа нысандар ажарын аша түсетіні сөзсіз.