Құрылыс жұмыстары қарқынды
Құрылыс жұмыстары қарқынды
Бүгін аудан әкімі Сәкен Арубаев, орынбасары Нұрлан Несіпбеков, аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Тілеубаев «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қаракемер ауылындағы 90 келушіге арналған клубтың құрылыс жұмыстарымен танысты. Ауыл әкімі Жәнібек Әуелбаевтың сөзіне сүйенсек, «Қаз Мұнай Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған нысанға 81 млн 612 мың теңге бөлінген. Бүгінде құрылыстың 60 пайызы аяқталып, ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары қарқын алған. Мұнан соң аудан әкімі Сәкен Арубаев мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Аса ауылындағы 5 қабатты 76 пәтерлі үйдің құрылысымен танысып, жұмыстың қарқынды әрі сапалы жүргізілуін бақылауда ұстау керектігін басып айтты. Ауыл әкімі Бауыржан Қалшымбетовтың айтуынша, «Бином» ЖШС бастаған құрылысқа 525 млн 270 мың теңге мемлекет қазынасынан аударылған. Бүгінде ғимараттың терезе, есіктері орнатылып, сыртқы жұмыстары жүргізілуде. – Халық қажетін өтеу үшін ешқайсымыз аянып қалмауымыз қажет. Құрылыстарды жіті қадағалауда ұстаңыздар. Аяқталу мерзімі таяп қалған мекемеге қолқа салыңыздар. Дегенмен. жедел жұмыс ертеңгі олқылықтардың төбе көрсетуіне әкеліп соқпауы керек, – деді аудан әкімі құрылыс басында.