дүйсенбі, 30 желтоқсан, 2024 0:18

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Сиыр сауып, құрт қайнатқан Несіпкүл

Сиыр сауып, құрт қайнатқан Несіпкүл
ашық дереккөзі
Сиыр сауып, құрт қайнатқан Несіпкүл

Бүгінде ешкім аш отырмаса да, тапқаны ас-ауқатынан артылмайтын табысы төмен отбасылар баршылық. Мұндай теңсіздік әсіресе, көпбалалы отбасылар арасында көп. Олардың кез келгені баласының жарқырап киініп, жадырап жүргенін, қатарынан қалмауын қалайды. Оларға мемлекеттік қолдау көрсету жөнінде сан түрлі шаралар қабылдануымен қатар, табысы төмен көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек, жеңілдетілген пайызбен несие немесе қайтарымсыз грант беру секілді әлеуметтік тұрғыда демеу жасалуда.

Бүгінде осы қолайлы сәтті пайдаланып, мемлекеттен жеке кәсібін ашу үшін қайтарымсыз қаржы алып жатқан көпбалалы отбасылардың қатары көбейіп келеді. Отбасылық кәсіп ашып, тірлігін дөңгелетіп отырған көпбалалы ананың бірі – Аспара ауылдық округінің тұрғыны Несіпкүл Садықова. Былтыр ол 505 мың теңге қайтарымсыз грантты жеңіп алып, ол қаражатқа сүт сауу аппараты мен сүт сақтайтын мұздатқыш сатып алыпты. Бар ойы келешекте сүт және сүт өнімдерін шығаратын шаруашылық құру. Жолдасы Мұрат екеуі бес бала тәрбиелеп, өсіруде. Кәсіппен айналысуға бел буған ол қарап жатпай, екінші деңгейлі банктер арқылы қосымша несие алған. Бүгінде ол қаржыға жеті сауын сиыр сатып алып, қолдан құрт, май, ірімшік, қаймақ жасап, ауылдастарына сатуда. – Көп уақыт бала тәрбиесімен үйде отырдым. Бес баланың білім алуы, тамақтануы мен денсаулығы, киімі деп күйбеңдеп жүріп, жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Ал олар жыл өткен сайын өсіп келеді. Балалардың жоқшылықтан қиналып өскенін елестетудің өзі қиын. Сондықтан бойда күш барда, оларды тарықтырмау біздің ата-аналық парызымыз. Сол үшін жолдасымның бір айлығына қарап отырмай, өз кәсібімді ашуға бел будым. Ауылдық округ әкімі Гаухар Оспанбекова тұрғындармен кездесіп, қайтарымсыз гранттың мақсаты туралы түсіндірген кезде, «Міне, мүмкіндік!» деп дауыстап жібергенім есімде. Тездетіп құжаттарымды реттеп, аудандық кәсіпкерлер палатасына бардым. Менің жобам тиімді деп танылып, қаржылай қолдауға ие болдым. Жеті сиырды екі мезгіл сауамын. Бір сиыр күніне 15-25 литр сүт береді. Қайтарымсыз грант қаржысына сатып алған құрылғыны қолдану арқылы жұмысымды жеңілдеттім. Сүт өнімдерін тұрғындар дүкендерге жеткізбей алып кетеді. Негізінен алдын ала тапсырыс беру арқылы үйден алып кететіндер көп. Құрт жаю үшін уақыт кететіндіктен, көрші келіндерге күніне мың теңге беріп құрт жайдырып жүрмін. Олар құрт жаятын мезгіл кеп қалды-ау деген сәттерде, өздері хабарласып отырады. Өзім табыс тауып қана қоймай, көрші-қолаңға да қарайласу мені қуантады. Қазір ауылдағы 23 үйдің сүтін сатып алып, одан түрлі өнімдер шығара бастадым. Алдағы уақытта балмұздақ пен йогурт шығаруды жоспарлап отырмын, – дейді Несіпкүл Садықова. Осылайша Несіпкүл жоспарын қағазға түсіріп, шағын кәсіпкерлікті қолдауға берілетін қайтарымсыз грант үшін бизнес жобасын жасап, тиісті мекемеге өткізіп қойған. Келешекте үлкен сүт қабылдау пунктін ашуды мақсат етіп отыр. Жалпы кез келген адам қол қусырып отырғысы келмейтіні анық. Бұған бүгінгідей мүмкіндікті мүлт жібермей отырған аналар қауымы дәлел бола алады. Несіпкүл апайымыздың ісі мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмекке үміттеніп жүргендер үшін айтарлықтай үлгі.

Ләззат СЕРІКБАЙ, Меркі ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар