Экономика

Таразда «Біз біргеміз» монументі бой көтереді

Таразда «Біз біргеміз» монументі бой көтереді

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс аптасын Тараз қаласы мен Жамбыл ауданындағы бірқатар нысандарды аралаудан бастап, көшелерді жөндеу және мәдени нысандардың құрылысымен танысты. Жамбыл ауданы Гродеково ауылында 17 көше орташа жөндеуден өтіп жатыр. Ал 10 көшедегі  жұмыстар аяқталды. Қалғаны тамыз айының аяғында тапсырылады. Ақбұлақ, Арал, Көкөзек, Жамбыл және Костянкин көшелерін асфальттауға 118,3 миллион теңге бөлінген. Бұдан бөлек үш шағын көпір жаңартылады. Өңір басшысы ең алдымен, мердігерлер мен Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаевтың назарын жол төсемінің сапасына, барлық белгіленген параметрлердің сақталуына аударды. Облыс әкімі жұмысты бір жылдан кейін қайта жасауға тура келетіндігін атап өтті. – Тек мемлекетке ғана сеніп отыруға болмайды. Бизнес субъектілері де іргелес аумақты абаттандыруға белсенді қатысуы тиіс. Бұл кәсіпкерлердің де мүддесі үшін тиімді, – деп атап өтті облыс әкімі. Сондай-ақ өңір басшысы ауылдың басты көшелеріне жарықтандыру орнатып, аумақты абаттандыру және тазалау бойынша сенбіліктерді тұрақты өткізіп отыруды тапсырды. Бұдан соң Бердібек Сапарбаев жергілікті азық-түлік дүкендерінің біріне ат басын бұрып, әлеуметтік маңызға ие  қажетті тауарлардың бағаларына көңіл бөлді. Жалпақтөбе ауылында салынып жатқан құны 156 миллион теңге болатын 200 орындық мәдениет үйінің автожолға жақын орналасқандығы, сондай-ақ ғимараттың іргетасы тым төмендігі айтылды. Құрылысшылар бүгінде тек іргетасын құйғанымен қабырғаларын қалау жұмыстары  әлі басталмаған. Сондықтан кеш болмай тұрып облыс әкімі нысанды қарастырылған аумақтың ыңғайлы бөлігіне ауыстыруды, іргетасын биіктетуді талап етті. Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев Тараздағы 13-ықшамауданындағы  облыстық және қалалық балалар ауруханалары арасындағы бос жердегі «Біз Біргеміз» монументінің орнатылатын аумақпен танысты. Бұл монументті Тараз қаласының шығыс бөлігіндегі автобекет маңында құрылысы жүргізіліп жатқан 14-ші ықшамауданындағы облыстық онкологиялық аурухананың жанынан орнату туралы да ұсыныс  айтылды.   Облыс әкімінің баспасөз қызметі