сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 18:02

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Зейнетақы жинағын жұмсауға жол ашылды

Зейнетақы жинағын жұмсауға жол ашылды
ашық дереккөзі
Зейнетақы жинағын жұмсауға жол ашылды

Жуырда Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, онда сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Заң салық саясатын жетілдіру, бизнес жүргізу тәртібін жеңілдету және Қазақстанға инвестиция тарту мәселелерін қарастырады. Жан-жақты талқылаудан кейін сенаторлар құжатты Мәжіліске кері қайтарды.

Десе де осы отырыстан кейін зейнетақы жинағын жұмсауға жол ашылды деуге болады. Енді Парламенттің қос палатасының сүзгісінен өтіп, түзетулер мен толықтырулар енгізілген маңызды құжат жақын арада Президенттің қол қоюына жолданбақ. Егер кедергілер туындамаса, жұртшылық келер жылдың басынан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алу, емделуге немесе инвестициялау үшін қолдана алады. Тағы бір маңызды шешім – енгізілген түзетулер бойынша жинақ қаржысын алу кезінде 10 пайыздық құн салығы салынбайды. Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста жоғарғы палата депутаттары осы мәселені жіті талқылап, Салық кодексіне қажетті түзетулер енгізді. «Зейнетақы жинағының бір бөлігін алдын ала алған кезде оның 10 пайызын бірреттік салық ретінде төлеу керегі белгілі. Мұны қазіргі қиын кезеңде азаматтар үшін тиімсіз деп есептейміз. Сондықтан аталған салықты зейнетақы жинағын алған кезде емес, тек зейнетке шыққан соң ғана төлеу ұсынылды. Оның өзінде бәрін бірден аудармай, заң жобасына 16 жылдың ішінде бөліп төлеу туралы норма енгізілді», деді М.Әшімбаев. Статистиканы сөйлетсек, елімізде зейнетақы қорының тек 6 пайыздан астам салымшысы ғана қажетті соманы ала алады екен. Бұл шамамен 700 мың адамды құрайды. Егер осы азаматтардың барлығы бірдей ақшасын алатын болса, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат 1,4 триллион теңгеге азаяды. Енді мұндай мүмкіндікке кімдер ие бола алады? Ең алдымен үміткердің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымы жеткілікті шектен асқан, әрі өзі жұмыс істеп жүрген азамат болуы керек. Екіншіден бұрынғы табысының кемінде 40 пайызына тең мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер қордағы қаражатының 50 пайызына дейін ала алады. Бұл санатқа кіретін елімізде 178 мыңнан астам тұрғын бар. Үшіншіден бұған дейін өзіне зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және сақтандыру қорына аударғаннан кейін де Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында салымы қалған азаматтардың ақшасын толығымен алуға құқы бар. Ондай 13 мыңнан астам адам тіркелген екен. Зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шешімін Үкімет бекітеді. «Жеткілікті шек» – салымшының қордағы есепшотында қалуы тиіс жинақ ақшасының ең төменгі мөлшері. Ол болашақта салымшыны жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төленетін зейнетақымен қамсыздандыру үшін қажет. Қартайғанда көк тиынсыз қалмас үшін есепшотта белгілі бір мөлшерде қаражат қалуы тиіс. Одан асқан бөлігін тұрғындар еш қиындықсыз ала алады. «Жеткілікті шек» әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленеді. Алайда жас шамаларына қарай әртүрлі есептеледі. Алдын ала есеп бойынша 20 жастағы азамат үшін «жеткілікті шек» 1 миллион 720 мың теңге деп бекітілген. Ал осыдан асқан қаражатын ол жоғарыда аталған мақсатқа пайдалану үшін қордағы есепшотынан ала алады. Бұған дейін жинақты тек бір рет қана алуға болады деген ақпарат айтылған. Алайда соңғы өзгерістерге қарай қордан ақша алу мүмкіндігі шектелмейді. Сондай-ақ азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өздері үшін ғана емес, жақын туыстары үшін де қолдануға құқылы. Сонымен қатар туыстарға алынатын жинақты біріктіруге де болады. Ендігі мәселе қордағы қаржыны алу үшін не істеу керек? БЖЗҚ-дағы жинақ қаражатының бір бөлігін емделуге пайдаланғысы келетін салымшы облыс немесе республикалық маңызы бар қаладағы облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы жанындағы арнайы комиссияға өтініш береді. Медициналық көмекке зәру екені туралы комиссия қорытындысын алып, емделетін мекемені таңдағаннан кейін салымшы Үкімет белгілеген уәкілетті операторға зейнетақы есепшотындағы қаражаттың бір бөлігін емделуге пайдалану туралы өтінішін тапсырады. Бұл жерде бюрократияға жол бермеу тетіктері толықтай қарастырылған. Ал тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін алу үшін уәкілетті оператор Қазақстанның тұрғын үй жинақтаушы банкінің қызметін пайдалана алады. Тұрғын үй мәселесі бойынша бір ғана шектеу болуы мүмкін. Яғни қордың ақшасына сатып алынған үйді 5 жыл ішінде қайта сатуға болмайды. Зейнетақы жинағының бір бөлігін басқаруға бергісі келетін салымшы қандай жеке қаржы компаниясын таңдағаны жайлы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өтініш береді. Сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайды. Бұл тұста басты айта кетерлігі ешкімге қаржы қолма-қол берілмейді. Десе де зейнет жасына жету бұл жалғанда бәріне бірдей жазылмағанын жұртшылық іштей түйсінеді. Сондықтан бүгінгі күні қордағы ақшасын кәдеге жаратқысы келетіндер артып жығылатындығы даусыз. Ал кімге қанша қаржы бұйыратыны оның жинағы мен жасына байланысты.

 

Саян ТІЛЕУЖАН

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар