Экономика
Зейнетақы жинағының бір бөлігін қанша адам пайдаланады?
- авторjambylinfo.kz
- 3 қыркүйек, 2020
- 164
Зейнетақы жинағының бір бөлігін қанша адам пайдаланады?
Қазір Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,1 трлн теңгеден астам зейнетақы жинағы қалыптасты. Бір жылдағы зейнетақы жинақтарының сомасы 1,9 трлн теңгеге пара-пар немесе 19%-ға өскен.
Әрине, зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасатыны белгілі, бүгінде оның мөлшері 11,8 трлн теңгені құрайды. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 287,8 млрд теңгеге, ерікті зейнетақы жарналары 2,1 млрд теңгеге тең. 2020 жылдың басынан бастап 1 тамыздағы жағдай бойынша қор салымшыларының шоттарына 752,98 млрд теңге таза инвестициялық табыс есептелді, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 389,77 млрд теңгеге артық.
Жуырда Үкімет отырысында алдағы 3 жылда Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферттің әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға бағытталатынын жеткізген Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жыл сайынғы индекстеуге және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентін ұлғайтуға келесі жылға қосымша 265 млрд теңге қарастырылғанын айтқан болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында осы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мәселесіне тағы да тоқталды. Тура бір жыл бұрын Президент алғашқы Жолдауында жұмыс істеп жүрген адам өзінің зейнетақы жинағын зейнетке шыққанға дейін де пайдаланғысы келетінін, сондықтан жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырған болатын.
Алайда арада бір жыл өтті. Бұл мәселеде мемлекеттік орталық органдар мен қоғамдық сарапшылар ортақ тоқтамға келе алмады. Бас басылым бетінде де бұл мәселеге байланысты арнайы сөз алған сарапшылар зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін пайдалануға көптеген салымшының қолы жетпейтінін, ал жинағы қордаланып қалған азаматтардың тұрғын үйге мұқтаж емесін алға тартты. Аталған мәселеде көптеген шет мемлекеттердің, соның ішінде Сингапур сияқты дамыған мемлекеттердің тәжірибесін пайдалану туралы да ұсыныстар болды. Алайда ел азаматтарының орташа табысы өркениетті елдердегі кіріс көлемімен теңесе бермейтіні тағы қолбайлау болғаны жасырын емес.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты екенін еске салып, нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне орай жүзеге асатынын жеткізді.
«Менің тапсырмам бойынша ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі пысықталды. Бұл, әсіресе қазір ерекше маңызды. 2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді» деген Президент Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Президенттің айтуынша, бұл реформа еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналады. Шын мәнінде, қазір көптеген кәсіпорын еңбеккерлерінің айлығын төмендетіп көрсететіні белгілі. Бұл ретте жапа шегетін тағы да қарапайым жұмыскер болып отыр.
Осы орайда кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2021 жылы кімдердің өз зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделу ақысын төлеуге жұмсауға немесе қаржылық компаниялардың басқаруына беруге мүмкіндігі болатынын айтты.
«Мемлекет басшысы жыл соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және зейнетақы салымдарының бөлігін мақсатты жұмсауға дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бүгінде тұжырымдамалық мақұлданған шешім бар» деген ведомство басшысының айтуынша, қазіргі кезде 721 мың адам аталған мақсаттарға зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалана алады. Бұл шамамен 1,4 трлн теңгені құрап отыр.
Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде Б.Нұрымбетов 530 мың жұмыс істейтін азаматтың зейнетақы жинағы «жеткілікті шектен» асатынын, сондай-ақ зейнетақы жинағы бар 178 мың зейнеткер және 13 мың адамның сақтандыру компанияларымен аннуитетті зейнетақы келісімі бар екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, зейнеткерлерге қолдағы жинағының 50 пайыздан аспайтын бөлігін алуына болады.
Жыл басында 30 жасқа толған ер-азаматқа жеткілікті шек 6,7 млн теңгені, ал әйелдерге 9,6 млн теңгені құрады. Алайда министр сол кезде жеткілікті шектің көлемін қайта қарауға уәде берген болатын. Былтыр Президент тапсырмасынан соң Үкімет бекіткен талаптарға сәйкес, 200 мың адамның зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалана алатыны айтылған еді. Алайда Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бұл орайда алғашқы қадам жасалғанын айтып, жарнаны пайдаланушылардың ауқымы артатынын жеткізді.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала