Экономика

Жүйелі жоспар жетістікке жетелейді

Жүйелі жоспар жетістікке жетелейді

Нұржан КАЛЕНДЕРОВ, Шу ауданының әкімі

Шырайлы Шу өңірі қай кезде де өзінің өндірістік әлеуетімен танылған өлке. Мұнда ауыл шаруашылығы алшаң басып, шағын және орта бизнестің көкжиегі де кеңеюде. Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында жалпы шығарылған өнім көлемі 35 миллиард 466,6 миллион теңгені құрағаны соның анық дәлелі бола алады. Бұл өткен жылға қарағанда 107,5 пайызға артық. Ауданның өнеркәсіп саласындағы өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 8 миллиард 244 миллион теңгені құрап, өнім көлемі 2019 жылдың тиісті уақытымен салыстырғанда 2 миллиард 971 миллион теңгеге артты. Нақты көлем индексі 100,7 пайыз. Ауыл шаруашылығы саласында маусым айында жалпы құны 8 миллиард 844 миллион 800 мың теңге болып, өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 110,8 пайызға орындалды. Ал бөлшек сауда тауары 6 миллиард 574 миллион теңгені құрап, өткен жылға қарағанда мұнда да жоспар 495,8 миллион теңгеге артық орындалып отыр. Көтерме сауда айналымына келсек, мұнда көлем 3 миллиард 603 миллион теңгені көрсетті. Яғни, былтырға қарағанда 2 миллирд 271 миллион теңгеге кем орындалды. Десе де құрылыс жұмыстарының көлемі көңіл көншітеді. Есепті кезеңде 7 миллиард 912 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,3 пайызды көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10 миллиард 543 миллион теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10 миллиард 996 миллион теңгеге төмен орындалды. Оның себебі «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өңірлік филиалы-«Балхашцветмет» өндірістік бірлестігі биыл 96,7 миллион теңгеге инвестиция салып, өткен жылдың тиісті уақытымен салыстырғанда 1 миллиард 581 миллион теңгеге кем түсім жасады. «М-Кат Грин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2019 жылдың 6 айында 11 миллиард 996 миллион теңге көлемінде инвестиция салса, 2020 жылы құрылыс аяқталуына байланысты, инвестиция түспеді. Ал «КОМПАНИЯ A&T-ЭНЕРГО» ЖШС 2019 жылы 1028,4 миллион теңгеге инвестиция салған. Биылғы қаңтар-маусым айы аралығында мемлекеттік бюджетке түсетін салықтар мен міндетті төлемдер түсімінің жоспары 2 миллиард 613 миллион теңге болса, нақты түскені 3 миллиард 463 миллион теңгені құрап, жоспар 850,4 миллион теңгеге артық орындалды. Оның ішінде республикалық бюджет кірістерінің 1 шілдеге жоспары 281,5 миллион теңге болса, 373 миллион теңге түсіп, 132,5 пайызға орындалып отыр. Жалпы Шу ауданында бүгінгі күнге халық саны 102 мың 221 адамды құраса, оның ішінде 50 323 адам экономикалық белсенді халық санатына жатқызылған. Жұмыссыздық деңгейі 5,8 пайызды құрайды. Нақтылы уақытта 4290 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Олар тұрақты жұмыс орнына – 1404 адам, жастар практикасына – 117 адам, ақылы қоғамдық жұмыс орнына –2531 адам, әлеуметтік жұмыс орнына – 55 адам, қысқа мерзімді оқыту курсына жолдама алғандар – 153, 30 адам несие алды. Облыс әкімі мен аудан әкімінің арасында облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту бағытында жергілікті атқарушы органдардың міндеттерін басшылыққа ала отырып, аудан экономикасының әр саласы бойынша 2020 жылға арналған 31 түйінді нысаналы индикаторларға қол жеткізу мақсатында келісімдер жобасы жасалынды. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы мен аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне тиесілі 5 нысаналы индикатор бекітілген. Оның ішінде 2020 жылдың 2-ші жартыжылдығының индикатор көрсеткіші бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6 миллиард 105 миллион теңгеге орындалмау қаупі бар. «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» демекші біз қандай да болмасын олқылықтың орнын толтырмас бұрын оның ең алдымен негізіне үңілуіміз қажет. Шу ауданының әкімдігі алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды ширатып, теріс көрсеткіштерді түзеу бағытында аянбай еңбек ететін болады.