Облыс әкімдігінде өткен жиында өңір тұрғындарының жеңілдетілген несиелер алуға қолжетімділігі қаралды. Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, төрағалық етті.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев баяндама жасады.
– Соңғы жылдары өз ісін бастауға, кәсіпкерліктің басым бағыттарында жұмыс жүргізуге мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндіктер жасалып, қолжетімді қаржылық көмектердің тетіктері артып келеді. «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» сынды мемлекеттік бағдарламалар облысымызда кәсіпкерліктің дамуына өз үлесін тигізуде.
«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы жыл басынан бері 85 жоба бастамашыларының жалпы сомасы 5,4 миллиард теңгені құрайтын несиелерінің пайыздық ставкасы субсидияланды. Сондай-ақ 62 жоба бастамашылары алған 2,7 миллиард теңгенің 1,1 миллиард теңгеге жуығы кепілдендірілді. Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында 8 жобаға 998,6 миллион теңге көлемінде инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде.
Ал екінші деңгейлі банктер және «Аграрлық несиелендіру корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы жүргізілетін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жыл басынан 71,7 миллиард теңгені құрайтын 183 жоба бойынша жұмыс атқарылуда. Жалпы құны 49 миллиард теңгені құрайтын 136 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 46,4 миллиард теңге екінші деңгейлі банктер арқылы, 2,5 миллиард теңге «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жүзеге асырылған.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында облыстағы 3 қалада (Тараз, Қаратау, Жаңатас) жеңілдетілген несиелендіру жұмыстары жалғасуда. Бағдарлама шеңберінде 2019 жылы екінші деңгейлі 3 банк («СберБанк», «ForteBank», «Halyk Bank») арқылы 1036,6 млн.теңге қаржы игерілуге жолданса, ағымдағы жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 416,1 млн.теңге қаражат қарастырылып отыр. Бұл қаражаттың бүгінде 33,5 миллион теңгесіне 7 жоба мақұлданып жалпы 126,5 миллион теңгеге 20 жоба қарастырылуда, – деді А.Сейсебаев.
Жиын барысында облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Самат Қосалиев, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Олжас Қаржауов жеңілдетілген несие беру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Баяндамашылардың айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар жемісті жүзеге асырылып, елдің игілігіне айналып отыр. Кедергі келтіріп тұрған қандай да бір кедергі жоқ екен. Жиынды қорытындылаған Бердібек Машбекұлы несиелердің қайтарымына көңіл аудару керектігін баса айтты.
Талғат Нұрханов– Салада атқарылған жұмыс аз емес. Бағдарламалардың арқасында тірлігін тіктеп, кәсібін дөңгелетіп отырған тұрғындар көп. Дегенмен аудандардағы ахуал көңіл көншітпейді. Мәселен «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында Мойынқұм ауданы ешқандай ұсыныс бермеген. Жуалы ауданы екі ұсыныс берген. Осы секілді жағдай өзге аудандарда да кездеседі. Сондықтан Алмас Өскенбайұлы, Берік Болатұлы бақылауға алып, жұмысты жандандыруға күш салыңыздар. Әйтпесе ешқандай мәселе жоқ. Несие беріліп жатыр. Тек халық арасында дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ынтасын оята білу керек,–деді Б.Сапарбаев.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз