Экономика

Жол картасы арқылы жанданған жобалар

Жол картасы арқылы жанданған жобалар

Халықты жұмыспен қамтудың нәтижелі шараларын жалғастыра отырып, елді мекендердің инфрақұрылымдарын жақсартуға бағытталған жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында Байзақ ауданында жанданған жобалар жетерлік. Жобалардың кейбірі ауыл-аймақтың ажарын ашып қана қоймай жергілікті тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне лайықты жағдай жасауда. Облыс пен аудан орталығына таяу орналасқан Ынтымақ пен Түймекент ауылдық округтерінде 22 жоба қолға алынып, жүздеген адамның жұмысқа орналасуына мүмкіндік берген.

Бір ғана Ынтымақ ауылдық округінде аталмыш жоба аясында жалпы құны 3 миллиард 500 миллион теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары жүргізіліпті.

– Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы арқылы Мәдімар ауылындағы Жүнісбек көшесі ағымдағы жөндеуден өтіп, Қолдасов көшесіне жаңа асфальт төселді. Екі көше де толығымен жарықтандырылды. Мәдімар көшесі де асфальтталды. Сол секілді Қалыш Нұранова көшесіне ауызсу құбыры тартылды. Мұнан бөлек жаңа шағын футбол алаңы салынды. Сонымен қатар ауылдық округ әкімдігінің ғимараты мен «Р-1», «Көшеней» каналдары ағымдағы жөндеуден өтті.

Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында жұмыспен қамту орталығы арқылы 54 жұмыссыз жұмысқа тартылды, – дейді Ынтымақ ауылдық округінің әкімі Мейірбек Ноғаев.

Жол картасының арқасында Мәдімар ауылында жарты ғасыр бұрын бой көтерген Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепке де ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Өз кезегінде мемлекеттік қолдаудың шарапатын сезінген ұстаздар қауымы да сапалы құрылысқа дән риза.

– Ағымдағы жөндеу деген аты болмаса мектептің қазіргі жағдайын күрделі жөндеуден өткен деп те бағалауға болады. Мердігер компания өз есебінен мектепке келетін жолды асфальттап, қосымша ғимараттардың шатырын да жөндеп берді. Жылыту жүйелері де жаңартылып, талапқа сай әжетхана мектеп ғимаратының ішіне көшірілді.

Мектепте 400-ге жуық оқушы білім алады. Алайда әлемдік пандемияға байланысты біз білім беру жұмыстарын тек 3 кезекші сынып арқылы ғана жүргізіп жатырмыз. Оларда 1 сыныптың 36 оқушысы оқиды, – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры міндетін атқарушы Жақсылық Тайшыбеков.

Аудан орталығының іргесіндегі Түймекент ауылында да жол картасы арқылы жанданған жобалар баршылық. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасына» 11-ші пилоттық ауылдық округ ретінде кірген ауылда бүгінде тіршілік қайнаған. Жас болса та осынау шаруаның шашауын шығармай басқарып жүрген ауылдық округ әкімі Қанат Смағұловтың да елді мекеннің әлеуетін арттыруға бағытталған жоспары көп.

– Биыл жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы арқылы Түймекент ауылында 11 жоба қолға алынды. 4 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Ақжар ауылындағы Абай көшесі жарықтандырылды. Сонымен қатар «Қарлығаш» балабақшасы, Түймекент орта мектебі мен ауылдық мәдениет үйі сынды нысандар да жол картасының шарапатын айқын сезінді.

Қазіргі таңда 2 шағын футбол алаңының құрылысы жалғасуда. Сол секілді ауылдық мәдениет үйінің алдын абаттандыру, көгеріштендіру және субұрқақты іске қосу жұмыстары да таяу арада аяқталатын болады.

Келер жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы Түймекент ауылының орталығындағы саябақтың сәнін келтіруді жоспарлап отырмыз, – дейді Қанат Ерубайұлы.

Түпкі мақсаты елді мекендердің ажарын ашып, ондағы инфрақұрылым желілерін жетілдіре отырып, жұмыссыздықпен күреске бағытталған жасампаз жоба осылайша байзақтықтардың көз қуанышына айналып отыр.