Экономика

Жоспар жүйелі болса, жұмыс алға басады

Жоспар жүйелі болса, жұмыс алға басады

Мемлекеттің қарқынды дамуы үшін әр өңір белгілі бір талап үдесінен шыға білуі тиіс. Сонда ғана еліміздің еңсесі биік, рухы асқақ, келешегі кемел болады. Бүгінгі таңда облыс орталығынан шалғайда жатқан Шу ауданында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жүктеген маңызды міндеттер мен тапсырмаларды орындау мақсатында тиянақты жұмыс жүргізілуде. Әрине орайын тауып, ретін келтіріп, мүмкіндікті пайдаланып жұмыс істелген жерде шаруа ығы келісіп, жарасып жататыны белгілі. Жыл бойы жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ауданда әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жан-жақты өсіп-өркендеуге барлық қолайлы жағдай қалыптасты.

ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫ ӨРЛЕП КЕЛЕДІ

Еліміз үшін экономиканың қай саласы да маңызды. Дегенмен өндіріс дамымай өңір серпілмейді. Осы ретте аудандағы биылғы нәтиже, көрсеткіштер көңіл көншітеді деуге толықтай негіз бар. 2020 жылдың қаңтар-қазан айында жалпы шығарылған өнім көлемі 105 миллиард 837 миллион теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 114,3 пайыз болды. Өнім өндіру көлемінің құрамында өнеркәсіп саласының үлесі 12,2 пайыз, ауыл шаруашылығы өнімі 56,8, байланыс және көлік қызметі 0,4, тауарларды, қызметтерді өткізу көлемі 15,7, құрылыс 14,8 пайыз болып отыр. Ауданның өнеркәсіп саласындағы өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 12 миллиард 865 миллион теңге болып, өнім көлемі 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3 миллиард 132 миллион теңгеге артық орындалып, 132,2 пайызды құрады. Сонымен қатар кен өндіру және карьерлерді қазу өндірісінің нақты көлем индексі 100,1 пайызды, өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі 100 пайызды құрады. Сол секілді электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптаудың нақты көлем индексі 329,8 пайыз, су беру және су бұрудың нақты көлем индексі 95,6 пайызға орындалды. Ал өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 5 миллиард 128 миллион теңгені құрап, 2019 жылға қарағанда 1 миллиард 352 миллион теңгеге артық орындалды. Сондай-ақ электрмен жабдықтау көлемі 3 миллиард 740 миллион теңге болып, өткен жылға қарағанда 2 миллаирд 892 миллион теңгеге артық орындалды. 2020-2025 жылдары Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының үшінші бесжылдығы шеңберінде ауданнан 3 жоба қолға алынды. «Элнур Адил Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 3,5 миллион АҚШ долларын құрайтын 11 750 тоннаға арналған элеватор, макарон цехы, диірмен, қойма және офистік үй-жайлар жобасының құрылысын 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында толығымен аяқтауды жоспарлап отыр. Ал «Жанашыр прожект» серіктестігінің мыс кенін өндіру зауытын салу жобасының құны 67 миллиард 260 миллион теңге. Қуаттылығы жылына 600 мың тонна катодтық мысты құрайды. Жоба іске асырылғанда 300 адам жұмыспен қамтылады. Іске қосылу мерзімі –2025 жыл. Үшіншісі «KAZ Chemical» серіктестігінің «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағынан азот-фосфат тыңайтқыштарын шығаратын зауыт жобасы. Құны 380 миллиард теңге тұратын жобаға «Тараз» химиялық паркі аумағынан 60 гектар жер телімі бөлініп берілді. Сонымен қатар осы жылдың бірінші жартыжылдығында бағдарламаның үшінші бесжылдығы шеңберінде «Біріккен химиялық компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Аммиак және карбамид өндіру жөніндегі химиялық кешен салу» жобасы ұсынылды. Жалпы 4 жобаның құны 773 миллиард 733 миллион теңге. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда 1249 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

КӘСІПКЕРЛІККЕ ҚОЛДАУ КӨП

Ел экономикасын дамытуда шағын және орта бизнестің үлесі мол. Сондықтан да кәсіпкерлік саласын қолдауға ерекше көңіл бөлініп, баянды бағдарламалар, жарқын жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде шаруасын шалқытып, тірлігін тіктеп отырған шулықтардың қатары көп. Аудан бойынша жалпы тіркелген 7276 кәсіпкерлік нысанында 11 мың 115 адам жұмыспен қамтылған. Барлық шағын және орта кәсіп­кер­лік саласы бойынша өндірілген өнім көлемі 13 миллиард 36 миллион теңгеге жетіп, жалпы шығарыл­ған өнім көлемінің 12,3 пайызын құрады. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау тетіктері бойынша есепті кезеңде 4981 адамға 3 миллиард теңге несие берілді. Сонымен қатар облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттарды ұсыну жөніндегі конкурсына аудан бойынша 22 жоба қатысып, комиссия мүшелерінің шешімімен ауданда 8 миллион теңгеге 2 жоба мақұлданды. 2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында өндірістік инфрақұрылымды жүргізу тәртібі бойынша «Медео» серіктестігі карьерге дейін 2 шақырым инфрақұрылым тартуды қажет етеді. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары және бизнес жоспары әзірленуде. Құжаттарын алғаннан кейін облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына ұсынылатын болады. Жалпы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 7 жеке кәсіпкер 304,8 миллион теңге несие алды.

Қамба астыққа, өріс малға толды

Асыраушы сала алшаң баспай, дәулетті бола алмайтынымыз анық. Сондықтан да Елбасының агроөнеркәсіп кешені ел экономикасын дамытудың драйвері болуы керектігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында ауданда ауыл шаруашылығы саласын әрі қарай дамытуға айрықша басымдық берілуде. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 60 миллиард 115 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Өндірілген өнім көлемінің ішінде егін шаруашылығы 43 миллиард 973 миллион теңгені құраса, мал шаруашылығы өнімі 16 миллиард 6 миллион теңгеге жеткен. Өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10 миллиард 701 миллион теңгеге артып, 125 пайызға орындалды. Ауданның жер көлемі 1 миллион 203 мың 30 гектар болса, 135 мың 212 гектарын егістік (суармалы егістік 27706 гектар), 10,3 гектарын көпжылдық екпелер, 1690 гектарын шабындық, 549 мың 925 гектарды жайылым жерлер алып жатыр. Барлық ауыл шаруашылық алқаптары 686 мың 930 гектарды құрайды. Аудан бойынша барлығы 90,5 гектарға (3 гектары жүзім, 1 гектары алмұрт, 86,5 гектары алма) бақ отырғызылған. Биыл да өңір әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосуды міндеттеріне алған өңір шаруалары егінге дер кезінде орақ салып, дала төсінде еңбектің көрігін қыздырды. Алтын астықты ысырап қылмай, жиналған дәнді қамбаға құйып алу мақсатында бел жазбай еңбек етті. 15 мың 450 гектар күздік бидайдың әр гектарынан алынған өнім 23,9 центнерді құрап, 39 мың 927 тонна бидай жиналса, жаздық арпаның орташа өнімділігі 22,3 центнерден айналып, 56 мың 427 тонна арпа қамбаға құйылды. Сонымен қатар 274 мың 412 тонна бақша өнімдері жиналды. Көкөніс 13 мың 239 гектарға орналастырылып, 364 мың 67 тонна өнім алынды. Күздік дала жұмыстары бойынша 70 гектарға күздік рапс, 17 мың 300 гектарға бидай себіліп, 61 мың 800 гектар сүдігер дайындалды. Жазғы-күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін болжамға сәйкес, 2145 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Осылайша орақ науқаны табысты әрі өз уақытында аяқталды. Жиналған өнімдерді сақтайтын қойма мәселесі де шешімін тапты. Дегенмен қоймалардың санын арттыру бағытында жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Аудан бойынша сыйымдылығы 60 мың 680 тоннаны құрайтын 40 көкөніс және астық сақтайтын қойма бар. Жеті қоймада 22 мың 500 тонна пияз, 1 қоймада 100 тонна жүгері, 30 қоймада 11 мың 67 тонна бидай, арпа сақталуда. Қазіргі уақытта 38 қоймада көкөніс және астық сақталуда. Сондай-ақ Бірлік ауылында сыйымдылығы 20 мың тоннаны құрайтын қойма құрылысы басталды. 2021 жылы күзде құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту да ағымдағы жылы ерекше қарқын алды. Аудан агроқұрылымдары 592,5 миллион теңгеге 105 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Лизинг арқылы 310,6 миллион теңгеге 44 дана, өздерінің қаражаттарына 61 дана техника 281,9 миллион теңгеге алынды. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы техникаларының жаңаруы 8 пайызды құрады. Жалпы егілген егіннен сапалы әрі мол өнім алу үшін топырақта өсімдіктерге қажетті органикалық және минералды тыңайтқыш жеткілікті дәрежеде болуы тиіс. Сол мақсатта биыл барлығы 3 мың 170 тонна субсидияланған тыңайтқыш алу жоспарланған болатын. Бүгінде аудан бойынша 364 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері барлығы 3 мың 765 тонна минералды тыңайтқыш сатып алу үшін келісімшартқа отырып, электронды түрде өтінім беруде. Қазіргі уақытта 254 тауар өндіруші барлығы 3 мың 195,3 тонна минералды тыңайтқыш сатып алып, жоспар 100,8 пайызға орындалды. Шаруа қожалықтардың басын біріктіріп, ортақ кооператив құру міндеті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты 2017 жылы жарияланған Жолдауында Үкімет пен әкімдерге тапсырма ретінде берілген болатын. Содан бері ауданның бірқатар шаруашылықтары өзара бірлесіп, ауылшаруашылық саласының жұмысын жандандыруға кірісіп кетті. Бүгінгі таңда аудан бойынша 15 кооператив жұмыс істеп тұр.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТУ – НЕГІЗГІ МІНДЕТ

Халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетпеуге де айрықша басымдық беріліп, мемлекеттік бағдарламалар тиімді жүзеге асырылуда. Шу ауданының халық саны 102 мың 693 адамды құраса, 44 мыңы экономикалық белсенді халық санатына жатқызылған. Жұмыссыздық деңгейі 3,2 пайызды құрап отыр. «Еңбек» бағдарламасына 1 миллиард 180 миллион теңге бөлініп, 7 мың 224 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Бағдарламаның бірінші бағыты – қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету аясында республикалық бюджеттен 31,3 миллион теңге бөлініп, 150 адамды оқыту жоспарланған. Қазіргі таңда 144 азамат оқуын бітіріп, «Компания «Мар-Нұр» серіктестігінен 118 азамат оқуын аяқтап, сертификат алды. 39 азамат оқуын жалғастыруда. Бағдарламаның жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша 166 азаматқа шағын несие беру жоспарланып, 642,5 миллион теңге бөлінді. «Ауыл шаруашылық қаржылай қолдау қорынан» 150 азамат 600 миллион теңге шағын несие алды. Республикалық бюджет есебінен 668 азаматқа 371,1 миллион теңге қайтарымсыз грант беру жоспарланып, 624 азаматқа 346,5 миллион теңге грант берілді. Бағдарламаның халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бағыты аясында «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 82,5 миллион теңге бөлінді. Бағдарлама аясында 248 жасты қамту жоспарланса, 294 жас маман «Жастар практикасына» жіберілді. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыс орнына 82 адамды уақытша жұмысқа орналастыру жоспарланып, 83 адам уақытша жұмысқа жіберілді. Қоғамдық жұмысқа 719,3 миллион теңге бөлініп, 350 адам уақытша жұмысқа тарту жоспарланған. Қосымша республикалық бюджеттен 2144 азаматқа 672,3 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда 2650 адам ақылы қоғамдық жұмысқа орналасты. Жыл басынан 961 мұқтаж отбасындағы 5024 адамға 307 миллион 402 мың теңге жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Және 210 отбасы немесе 364 адамнан құжаттар қабылданып 2 миллион 800 мың теңге тұрғын үй көмегі берілді. Кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 1-6 жас аралығындағы 664 отбасындағы 1112 балаға 44 миллион 374 мың теңге төленді. Төтенше жағдай кезіндегі атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 6-18 жастағы 621 отбасындағы 1433 балаға және мүгедектерге, жұмыссыздарға барлығы 8029 адамға 151 миллион 935 мың теңгеге материалдық көмек көрсетілді.

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛДЫ

Ауданда құрылыс саласы да қамшы салдырмас екпінмен алға озды. Құрылыс жұмыстарының көлемі қаңтар-қазан айында 15 миллиард 650 миллион теңгені құрады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 131,2 миллион теңгеге артық. Бірқатарына жеке-жеке тоқтала кетер болсақ, Төле би ауылында спорт-сауықтандыру кешені пайдалануға берілді. Нысанның сметалық құны 295,3 миллион теңге. Бірлікүстем ауылындағы 300 орындық оқушыға арналған Домалақ Ене орта мектебінің және Алға ауылындағы 300 орындық оқушыға арналған Амангелді орта мектебінің құрылысы толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Ал «Алға» ауылы «Оңтүстік» тұрғын аумағында 25 гектар алқабының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға 227,7 миллион теңге бөлінді. Сол секілді Төле би ауылы «Батыс» тұрғын аумағында 147,73 гектар алқабының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен 384,4 миллион, облыстық бюджеттен 48,4 миллион теңге бөлінді. Шу қаласы «Қосқұдық» ықшамауданындағы су жүйелерін және су шығару ғимаратының құрылысын салуға республикалық бюджеттен 190,6 миллион, облыстық бюджеттен 22,2 миллион теңге бөлінді. 2020 жылдың он айында жалпы алаңы 22 мың 979 шаршы метрді құрайтын 165 жекеменшік тұрғын үй қабылданды.

Келтірген деректер Шу ауданының шырайын кіргізу мақсатында негізгі салалар бойынша атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Ең маңыздысы тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап, қамсыз тірлік кешуі үшін қолға алынған жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

  Нұржан КАЛЕНДЕРОВ, Шу ауданының әкімі