Экономика

Жыл басынан бері мүгедектікке байланысты қазақстандықтарға 242 млрд теңге төленді

Жыл басынан бері мүгедектікке байланысты қазақстандықтарға 242 млрд теңге төленді

Қазақстандықтарға мүгедектікке байланысты және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақылар түрінде 300 млрд теңгеден астам қаражат төленді.

Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. 2020 жылғы қаңтар-қазан аралығында республикалық бюджеттен мүгедектікке байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 242 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы төлеуге 61 млрд теңге бөлінді.

Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері мүгедектіктің тобы мен себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауында болған адамдардың санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады. 2020 жылғы 1 қарашаға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері – 45 507 теңгені, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері – 42 614 теңгені құрады. baq.kz