23 қарашадан бастап жаңартылған жол ережелері қолданысқа енгізіледі
- авторБақытжан Бекболат
- 22 қараша, 2025
- 778
10 қарашада жол жүрісі қағидаларына бірқатар өзгерістер енгізілді. Жаңартылған талаптар 23 қарашадан бастап қолданысқа енетін болады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Елді мекен аумағында жүк көліктері үшін қозғалыс жылдамдығы сағатына 50 шақырым деңгейінде белгіленді. Алайда бұл шектеу жол белгілері нақты жылдамдықты (мысалы, 80 немесе 90 км/сағ) көрсеткен учаскелерге қатысты қолданылмайды.
Жылдамдықты төмендету — жаяу жүргіншілердің өміріне төнетін қауіпті азайтудың тиімді тәсілдерінің бірі. ДДСҰ деректеріне сүйенсек, 60–65 км/сағ жылдамдықпен соқтығысқан жағдайда жаяу жүргіншінің қаза болу ықтималдығы 50 км/сағ-пен салыстырғанда бірнеше есе жоғары.
Көріну деңгейі төмендеген сәттерде (тұман, боран, нөсер, қарлы жаңбыр) жол апаттарының алдын алу шаралары күшейтіліп, колоннамен жүретін көліктер үшін полиция қызметкерлерінің де, жүргізушілердің де міндеттері нақтыланды.
Патрульдік автокөліктер ілесіп жүретін колонналарға қатысты жаңа ережелер бекітілді. Атап айтқанда:
• колонна құрамында өздігінен тоқтауға, маневр жасауға немесе басып озуға тыйым салынады;
• колоннадағы машиналар саны 10-нан асса, екі патрульдік көліктің ілесіп жүруі шарт;
• М2 және М3 санатындағы автобустардың жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін аялдамаларда тоқтауына рұқсат берілді.
Сонымен қатар ірі габаритті не қауіпті жүктерді, балаларды немесе велосипедшілер тобын тасымалдау кезінде жылдам бекітілетін (магнитті) қызғылт сары немесе сары түсті жарқылдауық маяктарды қолдануға арнайы рұқсат енді талап етілмейді.
Бұған дейін мұндай маяктарды орнату үшін рұқсат құжаттарын рәсімдеу, көлікті қайта жарақтандыру және техникалық куәлікке өзгеріс енгізу қажет болатын. Енді жол парағын электронды түрде толтыру мүмкіндігі де берілді. Сонымен қатар көрнекілікті арттыру мақсатында барлық иллюстрациялар, белгілер және жол таңбалары цифрлық форматқа көшірілді.
Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларды жаңартылған нормалармен танысып жүруге және жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауына шақырады. Себебі жолдағы әрбір сақтық — өзіңіз бен өзгелердің қауіпсіздігі үшін маңызды.






