242 адам жер сілкінісінен қорқып, үйлеріне қонбаған - Ерболат Досаее
Кеше жер сілкінісінен бір адам зардап шегіп, қалалық ауруханаға жеткізілді
Алматының 242 тұрғыны осы түнді қабылдау пунктерінде өткізген. Таңғы сағат сегізде бәрі үйлеріне оралды. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Оның айтуынша, кеше барлық инфрақұрылым және тіршілікті қамтамасыз ету объектілері штаттық режимде жұмыс істеді және жұмысын жалғастырып жатыр. Жедел штабтың шешімімен 4 наурыз сағат 11.40-та қалада бекітілген 384 қабылдау пункті ашылды.
Ол қабылдау пунктеріне жиналған тұрғындар ұйықтайтын керек-жарақпен, сусынмен және тамақпен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Барлық қабылдау пунктінде полиция және төтенше жағдай қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Әкім кеше сағат 12.30-дегі жағдай бойынша бір адам зардап шеккенін мәлімдеді. Ол қалалық стационарға жеткізілген. Ауруханада оған барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.
Арнайы комиссия сағат 13.00-ден бастап барлық қоғамдық ғимаратты, сондай-ақ тұрғындардың өтінішімен басқа да объектілерді тексеруді бастап кеткен. Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданады.
Естеріңізге сала кетейік, 4 наурыз күні Алматы тұрғындары бес балдық жер сілкінісін сезді.