"275 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған". Тоқаев Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қабылдады
Мемлекет басшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевты қабылдады деп хабарлайды jambylinfo.kz Ақордаға сілтеме жасай отырып.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына Ұлттық превентивті механизмнің жұмысы, заңнаманы жетілдіру, халықаралық ынтымақтастықты, құқық қорғау ұйымдарымен және азаматтық қоғаммен өзара ықпалдастықты жандандыру мәселелері туралы баяндалды. Атап айтқанда, азаптаулардың алдын алу үшін оқшаулау мекемелерінде мыңнан астам кездесу өткізілген, азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру бойынша 3,5 мыңнан аса ұсыным берілген, 275 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған. Нәтижесінде 900-ден астам адамның құқығы қорғалды.
Бұдан бөлек, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Президенттің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қабылданған шаралар туралы айтты. Құқық қорғау институты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы арнайы баяндама әзірлеп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқығын қорғауға кепілдік беру ісін одан әрі күшейту қажет екеніне назар аударды. Бір айта кетерлігі, Президент былтырғы Жолдауында да бұл бағытты үнемі назарда ұстап, адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалғанын айтқан еді.
Жалпы, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық адам құқықтарын мемлекеттік лауазымды тұлғалардың қол сұғуынан қорғауды, заңнаманың және құқық мирасқорлығы тәжірибесінің дамуын қамтамасыз етуді, ағартушылық бағдарламаларды дайындап, оларды жүзеге асыруды мақсат тұтады. Омбудсменнің жұмысы БҰҰ-ның бірқатар конвенцияларын ратификациялаған Қазақстан Респубикасының халықаралық міндеткерліктеріне және осыған ұқсас құрылымдардың әлемдік тәжірибесіне сай атқарылады. Сонымен қатар, Омбудсмен үкіметтік емес ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара тығыз қарым-қатынас орнатады. Омбудсмен жұмысының негізгі қағидалары: жариялылық, әділдік және бейтараптық.