301 босқын Қазақстанды паналады

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді
Бүгінде елімізде ресми түрде тіркелген 265 пана іздеуші мен 301 босқын өмір сүруде. Олардың басым бөлігі Алматы қаласы мен Алматы облысын мекендейді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қазақстаннан баспана сұраған барлық шетелдіктерге халықаралық міндеттемелерге сәйкес қорғаныс пен қолдау көрсетіледі. Оларға еліміздегі заңнамаға сай тегін медициналық көмек пен атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған.
Сондай-ақ, босқындар мен пана іздеуші азаматтар еңбек етуге және кәсіпкерлікпен айналысуға құқылы. Өзге шетелдіктерден айырмашылығы – оларға еңбек ету үшін жергілікті атқарушы органдардан арнайы рұқсат алудың қажеті жоқ.
Қазақстан заңнамасы әр баланың, оның ішінде босқындар мен пана іздеушілердің балаларының, мектепке дейінгі, бастауыш және жалпы орта білімді тегін алуына кепілдік береді. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді де конкурс негізінде алуға мүмкіндік бар.