60 жастағы фермер есірткінің ірі партиясымен ұсталды
60 жастағы фермер есірткінің ірі партиясымен ұсталды
2023 жылғы 2 сәуірде жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері Меркі ауданы Тәтті ауылынан 17 шақырым жерде орналасқан шаруа қожалығының аумағында жертөледен ерекше иісі бар қоңыр-жасыл түсті, өсімдік тектес заты бар полиэтилен пакетін тапты. Сараптама қорытындысына сәйкес табылған зат жалпы салмағы 7 келі 260 грамды құрайтын «кептірілген марихуана» және 88 грамм «гашиш» есірткі құралдары болып шықты. Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері аса ірі мөлшерде есірткі сақтады деген күдікпен Шу ауданының 60 жастағы тұрғынын ұстады. - Ұсталған адам өз кінәсін мойындап, Меркі ауданының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Осы баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді,-деп хабарлады Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.