Алаяқтар жаңа тәсіл ойлап тапты: ІІМ халықты сақ болуға шақырды
- авторБақытжан Бекболат
- 24 қазан, 2025
- 281
Ішкі істер министрлігі соңғы уақытта пайда болған алаяқтықтың жаңа түріне назар аударуға шақырды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қаскөйлер азаматтарға қоңырау шалып, өздерін мемлекеттік органның қызметкері ретінде таныстырады. Олар «Сіз салық декларациясын уақытында тапсырмағансыз» деп сендіріп, банк шоттарыңыздың бұғатталатынын айтып қорқытады. Кей жағдайларда «мәселені үш күн ішінде шешу керек» деп қысым көрсетеді.
Алаяқтар «жеке басыңызды растау қажет» деген желеумен азаматтардан SMS арқылы келген бір реттік кодты сұрайды. Осы кодты қолға түсірген соң, олар банктегі шоттарға кіріп, есепшідегі қаражатты иемденіп алады.
ІІМ мұндай мазмұндағы қоңыраулардың мемлекеттік органдар тарапынан жасалмайтынын атап өтті. Полиция SMS-кодтарды, банк картасының деректері мен парольдерді, сондай-ақ жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу қажеттігін ескертеді.
Министрлік азаматтарды қырағылық танытып, күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда бірден банкке немесе полицияға хабарласуға шақырады.






