“Аллергиясына дейін көңіл бөледі”. Алматыға шетелдік блогерлерді шақыру үшін 42,6 млн теңге төленеді
Олардың арасында блогерлер, музыканттар, әншілер, әртістер және басқа да медиа тұлғалар болуы мүмкін
Алматы қаласының бұрынғы туристік ақпараттық орталығы, қазір "Алматы туризм бюросы (Almaty Tourism Bureau)" болып өзгерген компания мемлекеттік сатып алу сайтында 42 млн 600 мың теңгенің лотын жариялап, осы қаражатқа алыс-жақын шет елдердің қоғамдық пікір көшбасшылары мен блогерлерін қарсы алмақ, деп жазады jambylinfo.kz.
12-ақпанда жарияланған лотқа құжат қабылдау мерзімі наурыздың алтысы аяқталады. Лоттың техникалық сипаттамасына сүйенсек, осы тендердің жеңіп алған компания «Алматы қаласын шетелде ілгерілету мақсатында қоғамдық пікір көшбасшылары мен блогерлердің кездесуі мен қабылдауын, жақын және алыс шетелден келген қоғамдық пікір көшбасшылары мен блогерлердің кездесуі мен қабылдауын» ұйымдастыру керек.
Бұл қаражат аясында қандай қызметтер ұсынылмақ?
Лоттың техникалық сипаттамасын оқи келе, тендерді ұтып алатын компанияға қойылатын талаптармен таныстық. Бір қызығы, шетелдік қонақтардың қалауы ма әлде «Алматы туризм бюросының» қонақжайлылығы ма, техникалық сипаттамаға сәйкес, қонақтарды тек премиум кластағы көліктер күтіп алуы керек екені белгілі болып отыр.
«Алматы туризм орталығының» қонақжайлылығы сол, олар тіпті шетелдік блогерлерге қандай да бір тамаққа аллергиясы бар не жоқ екенін тексеріп барып қана кешкі ас ұсынбақ.
Бұдан өзге, осы тендерді ұтып алған компания қонақтарға кем дегенде 50 ұлттық стильдегі сыйлық қораптарын жинауға және ұсынуға міндеттенеді. «Бокстың құрамына Ұлттық тәттілер мен ұзақ сақталатын өзге де азық-түлік өнімдері, керамикадан, киізден, ағаштан және ұлттық стильдегі өзге де материалдардан жасалған бұйымдар кіруі мүмкін», - деп жазылған техникалық сипаттамада.
Жалпы, Алматы әкімдігі қаланың туризм саласын дамыту үшін бұрыннан-ақ шетелдік блогерлер мен танымал тұлғаларды шақыруға әуес келеді. Мәселен, 2023 жылдың күзінде дәл осы «Алматы туризм бюросы» БАӘ, Катар, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Израиль, Түркия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Испания мен Қытайдан ұшып келетін блогерлердің жолына шамамен 70 миллион теңге қаражат бөлген. Оның алдында, 2021 жылы әкімдік шетелдік блогерлер үшін шамамен 20 млн теңге бөлген болатын.