Алматы тауларында жоғалған 20 жастағы жігіт екі күннен бері табылмай жатыр
Бұл туралы Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді
Ол 27 шілде күні таңертең тауға кеткен. Сағат 17:00-де қайтып келуі тиіс болғанымен, бағытын жоғалтып, адасып кеткен, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сол күні кешкі 23:02-де Медеу ауданында іздестіру-құтқару жұмыстары басталды. Жігіттің нақты қай жерде жүргені белгісіз. Онымен байланыс тек әпкесі арқылы ғана мүмкін болған.
"Алынған мәліметке сәйкес, ол жылы кофта, шорты мен кроссовка киген. Қазіргі кезде тауда жаңбыр мен бұршақ жауып, 4000 метр биіктікте қар түсті. Іздеу жұмыстары 4147 метр биіктіктегі Молодёжный шыңы маңында басталды. Операцияға «Медеу» бекетіндегі республикалық жедел-құтқару жасағы мен «Туюк-Су» бақылау-құтқару пунктінің мамандары жұмылдырылды", – делінген хабарламада.
Құтқарушылар Молодёжный, Титова және Т1 шыңдарын қарап шықты, бірақ әзірге із-түз жоқ. Мынжылки шатқалында ТЖД өкілдері мен еріктілерден құралған жедел штаб құрылған. Іздеу жұмыстарына дрондар да тартылды.
"Қазавиақұтқару" тікұшағы ұшуға дайын, алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты әуеге көтеріле алмай отыр. Қазіргі уақытта 1800 метрден жоғары биіктікте қалың бұлт, найзағай мен желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді.