Алматыда 39 жастағы әйел үшем босанып, бірден көпбалалы ана атанды
Алматы қалалық перинаталдық орталығында ерекше оқиға тіркелді. Дүниеге үшем сәби келді.
39 жастағы қала тұрғыны төртінші рет ана атанып, бір мезетте алты баланың анасы болды. Бұған дейін отбасында үш бала тәрбиеленіп келген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, жүктілік ешқандай қосалқы репродуктивті технологиясыз, табиғи жолмен жүзеге асқан. Мұндай жағдай медицина тәжірибесінде өте сирек кездеседі.
Босану жүктіліктің 32 апта 2 күнінде шұғыл түрде кесар тілігі арқылы жүргізілді. Түнгі сағат үштер шамасында акушер-гинекологтер, анестезиологтер мен неонатологтерден құралған көпсалалы дәрігерлер тобы жедел түрде іске кірісті.
Нәтижесінде салмағы 1840 грамм, бойы 42 см ұл бала, 1680 грамм, бойы 43 см тағы бір ұл және салмағы 1620 грамм, бойы 40 см қыз бала өмірге келді. Сәбилерге Заңғар, Айбар және Әсел деген есімдер берілді.
Орталық директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Салтанат Ербулатованың айтуынша, медицина қызметкерлерінің кәсіби әрі үйлесімді жұмысының арқасында босану асқынусыз өткен. Шала туған нәрестелер бірден қарқынды бақылауға алынып, қажетті ем-дом жасалып, тыныс алу аппараттарының көмегі көрсетілген.
Қазіргі таңда үшемге арнайы күтім бекеті бөлініп, олар тәулік бойы дәрігерлер бақылауында. Сәбилердің жағдайы тұрақты, салмақ қосып келеді және алдағы уақытта ауруханадан шығаруға дайындалуда.
Айта кетейік, өткен жылы аталған орталықта 22,5 мыңнан астам науқас қабылданып, 16,7 мыңнан аса ана мен жаңа туған нәрестеге стационарлық көмек көрсетілген. Барлығы 9014 босану тіркеліп, соның екеуінде үшем дүниеге келген. Қаладағы мерзімінен бұрын босанудың басым бөлігі дәл осы перинаталдық орталықта қабылданады.