Елімізде

Алматыда Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы ашылды

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Алматы қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған стратегиялық маңызды нысан – Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Орталық COVID-19 пандемиясы кезіндегі мәселелерден сабақ ала отырып, денсаулық сақтау жүйесіндегі дайындық деңгейін арттыру, ғылыми әлеуетті дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу және кадрларды дайындау мақсатында бой көтерді. 350 төсек-орынға есептелген жаңа орталық еліміздің түкпір-түкпірінен туберкулезбен ауыратын 2,5 мың науқасты жыл сайын емдеуге және диагностикалық көмек көрсетуге ықпал етеді.

Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде денсаулық сақтау нысандарымен қатар әлеуметтік инфрақұрылым да қарқынды дамып жатқанын атап өтті.

Іс-шара барысында Орталықтың бөлімшелеріне экскурсия ұйымдастырылып, мекеменің инфрақұрылымы мен жабдықталуы таныстырылды. Сонымен қатар мекеме ұжымымен де кездесу өтті.

Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы қысқа мерзімде салынған. Бұл орталықта клиникалық көмек көрсету, ғылыми жұмыс жүргізу, білім беру, цифрлық технологияларды пайдалану секілді мүмкіндіктер бар. Орталық балалар мен жүкті әйелдерге де медициналық көмек көрсетеді. Төтенше жағдайлар кезінде Орталық жедел түрде 500 төсек-орынға дейін кеңейтілуі мүмкін.

ИАҰҒО – диагностика мен емдеуден бастап, инфекциялық және паразиттік ауруларға, оның ішінде дәріге төзімді туберкулез түрлеріне қатысты күрделі зертханалық зерттеулер жүргізе алатын толыққанды мекеме. Орталық инфекциялық қауіп-қатерге ұлттық деңгейде мән беретін, ғылыми жаңалықтар мен инфекциялық аурулармен жұмыс істейтін мамандарды кәсіби даярлайтын базаға айналмақ.