Елімізде

Алматыдағы балалар үйіндегі жағдайға байланысты Президент әкімшілігі тексеру бастады

Бұл туралы Президент әкімшілігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Алматы қаласындағы №1 облыстық балалар үйіне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің комиссиясы келді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Комиссия мүшелері тәрбиеленушілермен, мекеме басшылығы және ұжымымен, сондай-ақ білім беру жүйесінің өкілдерімен кездесті.

Тексеру барысында Президент әкімшілігінің өкілдері балалар үйіндегі тұрмыс және тәрбие жағдайымен танысып, іргелес жатқан инфрақұрылым ғимараттарын аралап көрді. Қазіргі уақытта балалар үйін көшіру туралы шешімге қатысты құжаттарды жинау және талдау жүргізіліп жатыр. Жетім балаларға қатысты заңнамада көзделген барлық әлеуметтік-құқықтық кепілдіктердің сақталуына ерекше назар аударылады.

Еске салайық, 2025 жылдың наурызында аталмыш балалар үйінің тәрбиеленушілері мекемені Қонаевқа көшіруге қарсылық білдіріп, видеоүндеу жолдаған болатын. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, түрлі редакциялар терең зерттеу жүргізді.

Алайда, 21 шілдеде балаларды көшіру басталып, полиция қызметкерлері олардың қарсылығына қарамастан күштеп шығарғаны туралы видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Осыдан кейін Мемлекет басшысы бұл шешімді дереу тоқтатып, толыққанды қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды.

Бұған дейін Алматы облысы әкімдігі бұл жағдайды «басқарушылық шешімдердегі қателіктердің салдары» деп бағалап, ішкі тексеру бастағанын мәлімдеген еді.