Алып атыраптың хош иісін жусаннан жасаған оқушы
Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы Кеңес ауылындағы мектеп оқушысы Альбина Айдарханова қазақ даласының хош иісі бар әтір ойлап тапты. Ол «Елім-ай» деп аталатын иіс суын ұстазының көмегімен жасаған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
5-сынып оқушысының сөзінше, туған даланың табиғи хош иісін ойлап табуына Сұлтан Бейбарыстың аңызындағы «Жусанда туған жердің иісі бар» деген тәмсілі ой салған.
Туындыгер оқушы парфюмерия жасауда табиғи қоспалар пайдаланады. Соның ішіндегі ең бастысы, даланың боз жусаны.
Айта кетейік, бұл хош иістің аты да ерекше. Әтірдің атауы еліміздің мәдениетіне деген сүйіспеншілікпен байланысты дейді өнертапқыш. Бесінші сынып оқушысы бұл жұмысымен жақында өткен ғылыми жобалар байқауына қатысқан. Нәтижесінде «Химия, биология» секциясында жүлделі 3 орынды ие болды.