Қандай мобильді аударымдар күмән туғызады: министрліктің жауабы
Сонымен қатар вице-министр мұндай жағдайда бірден айыппұл салынбайтынын атап өтті
Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов мобильді аударымдарға қатысты түсініктеме беріп, қай жағдайлар салық органдарының назарын аударуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Оның айтуынша, егер бір адам үш айдың ішінде жүзге жуық әртүрлі адамнан ақша алса, бұл күмән тудыруы ықтимал. Себебі әр ай сайын той немесе туған күн сылтауымен түрлі адамдардан тұрақты түрде қаражат түсуі шындыққа жанаса бермейді.
Дегенмен, әріптестер арасында жиналған ақша немесе белгілі бір қажеттілікке ортақ жинақ болса, мұндай жағдайлар ескеріледі. Ал егер шотқа әртүрлі адамдардан әрқилы сомада ақша тұрақты түрде түсіп отырса және бұл тауар сату белгісіне ұқсаса, ол да бақылауға алынады.
Сонымен қатар вице-министр мұндай жағдайда бірден айыппұл салынбайтынын атап өтті. Алдымен салық органдары азаматқа хабарлама жіберіп, шотқа жиі түсетін аударымдардың себебін түсіндіруді сұрайды.