Анти Call-орталықтар 70 мыңнан астам шетелдік алаяқтардың қоңырауларын тоқтатты
Интернет-алаяқтарға қарсы іс-қимыл және азаматтарымызды қорғау жөнінде жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов Х әлеуметтік желісінде мәлімдеді.
Биылғы жылы прокуратура органдары «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, Астанада алаяқтардың қоңырауларын тоқтатуға және қылмыстар жасалғанға дейін олардың алдын алуға бағытталған Анти Call-орталығы бірегей жобасын іске қосты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жұмыс басталған сәттен бастап, үш айдан сәл астам уақыт ішінде ықтимал құрбандарға 70 мыңнан астам шетелдік қоңыраулар тоқтатылды. Орталық білікті операторлармен жасақталған және прокурорлардың тәулік бойы үйлестіруімен жұмыс істеуде.
Нәтижесінде Астанада ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша интернет-алаяқтықтың 22%-ға тұрақты төмендеуі байқалуда. Басқаша айтқанда, мыңдаған азаматтар қаржылық шығындар мен алдаудан қорғалған.