Қар жауып, боран соғады: бірнеше өңірде дауылды ескерту жарияланды
26 қаңтарда Қазақстанның бірқатар өңірлерінде қолайсыз ауа райы күтіледі
«Қазгидромет» мәліметінше, 26 қаңтарда Қазақстанның көптеген облыстарында тұман, көктайғақ, қар және бұрқасын сияқты қолайсыз метеорологиялық құбылыстар күтіледі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Түркістан облысында түнде және таңертең оңтүстігінде, таулы аудандарында көктайғақ болады. Облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және таулы аймақтарында тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел тау асуларында 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Шымкент пен Түркістан қалаларында тұман мен көктайғақ күтіледі.
Атырау облысының батысында, оңтүстігінде және шығысында қар жауып, жаяу бұрқасын болады.
Жамбыл облысында түнде және таңертең солтүстік, батыс, шығыс және таулы аудандарында қар мен жаяу бұрқасын күтіледі. Кей жерлерде тұман мен көктайғақ байқалады. Желдің екпіні таулы аудандарда 15–20 м/с-қа жетеді. Тараз қаласында тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады.
Ақтөбе, Ақмола, Ұлытау, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында қар мен бұрқасын күтіледі. Кей аймақтарда жел күшейіп, тұман түсуі ықтимал.
Алматы облысында 26–28 қаңтар аралығында тұман мен жолдарда көктайғақ сақталады. 27–28 қаңтарда облыстың шығысында желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Алматы және Қонаев қалаларында да түнгі және таңғы уақытта тұман мен көктайғақ күтіледі.
Маңғыстау, Қызылорда, Жетісу облыстарында көктайғақ пен тұман байқалады, кей өңірлерде қар мен жаяу бұрқасын болады.
Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында тұман басым, кей жерлерде аздаған қар жауады.