Астанада қазақ-француз мектебінің құрылысы басталды

Бұл — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Республикасының Президенті Эмманюэль Макрон арасында қол жеткізілген уағдаластық бойынша іске асырылатын бірлескен жоба.
Бүгін елордада қазақ-француз мектебінің капсуласын қалау бойынша салтанатты рәсім өтті. Оған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Францияның Сыртқы сауда және шетелде тұратын француз азаматтары жөніндегі министр-делегаты Лоран Сен-Мартен қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Интернаты бар мектеп 800 орынға есептелген және қазақстандық мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкестендірілген. Аталған мектепте барлық өңірлердің балалары білім алады.
Қатысушыларға арнаған сөзінде ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жобаның білім беру саласындағы басты оқиғалардың біріне айналатынын атап өтті.
Орталық Азиядағы халықаралық деңгейдегі негізгі білім беру ұйымдарының біріне айналатын болашақ мектеп 2026 жылдың 1 қыркүйегінде өз есігін ашады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Алматы қаласында қазақ-француз мектебі ашылады.