Елімізде

Қазақстанда 1,4 млрд теңгеден астам жалақы қарызы анықталды

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республика бойынша 257 кәсіпорынның 3,7 мыңнан астам жұмыскерге 1,4 млрд теңгеден астам жалақы қарызы барын анықтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Ведомствоның мәліметінше, тексерулер барысында еңбек заңнамасының 4,7 мыңнан астам бұзылуы тіркелген. Нәтижесінде жұмыс берушілерге міндетті түрде орындауға тиіс 2 602 ұйғарым беріліп, 332 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Қабылданған шаралардың, соның ішінде берешекті өтеудің нақты кестелері мен мерзімдерін белгілеудің арқасында 3,4 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалып, оларға 1,2 млрд теңге төленді.

Сонымен қатар, еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау министрліктің ерекше назарында. Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбек инспекторлары 4 013 тексеру жүргізіп, 4 706 заңбұзушылықты анықтады. Оның ішінде:

еңбек саласында – 3 965,

еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша – 721,

халықты жұмыспен қамтуға қатысты – 20 дерек.

Министрліктің дерегінше, қабылданған шаралар нәтижесінде 30 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.