Қазақстанда алдағы күндері +15°С дейінгі жылыну күтіледі
Алдағы күндері барикалық құрылымдардың жылдам ауысуына байланысты Қазақстан аумағында ауа райы тұрақсыз күйінде қалады.
Синоптиктердің болжамынша, республика бойынша жауын-шашын жиілеп, жел күшейіп, кей өңірлерде боран мен көктайғақ болады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ел аумағының басым бөлігінде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын түседі. Кезеңнің басында шығыс аймақтарда қалың қар жауса, соңына қарай батыс өңірлерде қатты қар күтіледі. Ал оңтүстікте бүкіл кезең бойы нөсерлі жауын-шашын (жаңбыр мен қар) болжанып отыр.
Сонымен қатар желдің күшеюі, боран соғуы және жолдарда көктайғақ қалыптасуы ықтимал. Осыған байланысты тұрғындарға сақтық шараларын сақтау ұсынылады.
Температура біртіндеп көтеріледі
Алдағы күндері ауа температурасының біртіндеп жоғарылауы күтіледі.
Батыста түнгі ауа температурасы 13–23 градус аяздан 0–10 градус аязға дейін жылынады. Күндіз 3–12 градус аяздан 10 градус аяз бен 2 градус жылуға дейін көтеріледі.
Солтүстік-батыста түнде 17–28 градус аяздан 3–13 градус аязға дейін, күндіз 10–20 градус аяздан 0–8 градус аязға дейін жылыну болжанады.
Солтүстікте түнгі температура 18–28 градус аяздан 5–15 градус аязға дейін көтеріледі. Күндіз 13–21 градус аяздан 10 градус аяз бен 1 градус жылуға дейін жетеді.
Оңтүстікте түнде 3–18 градус аяздан 5 градус аяз бен 8 градус жылуға дейін ауытқиды. Күндіз 13 градус аяздан 5 градус жылуға дейінгі көрсеткіш 5–15 градус жылуға дейін көтеріледі.
Ал шығыста түнгі уақытта 0–12 градус аяздан 10–20 градус аязға дейін төмендеу байқалса, күндіз 0–10 градус аяздан 7–15 градус аязға дейін суытады.
Оңтүстік-шығыста түнде 0–13 градус аяздан 2–16 градус аязға дейін төмендеу күтіледі, ал күндіз 0–13 градус аяздан 5 градус аяз бен 8 градус жылуға дейін жоғарылауы мүмкін.