Қазақстанда балалардың әлеуметтік желілерге тіркелу жасын шектеу ұсынылды
- авторБақытжан Бекболат
- 12 қараша, 2025
- 215
Бүгін Мәжілісте Цифрлық кодекс жобасын қарау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу қою бастамасын көтерді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
"Қазақстанда бала TikTok немесе Instagram-ға 5-6 жастан бастап еш кедергісіз тіркеле алады. Тіпті мұны ата-анасының келісімінсіз әрі ешқандай верификациясыз жасауға болады. Сосын ол кез келген контентке толық қол жеткізе алады. Ал көптеген елдерде бұл мәселе заңмен реттелген. Мысалы, Дания мен Австралияда тіркелуге рұқсат жасы – 15-16 жас. АҚШ, Ұлыбритания және Ирландияда да шектеулер енгізілген. Жас бойынша және әлеуметтік желіге тіркелу тек ата-анасының расталған келісімімен ғана жүзеге асады", – деді депутат.
Депутат аталған мәселеге қатысты Жасанды интеллект министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің ұстанымын сұрады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунның айтуынша, бүгінде технологиялық даму әлем бойынша қарқынды жүріп жатыр, сондықтан Қазақстан бұл үдерістен шет қалмауы керек.
Оның сөзінше, министрліктің басты ұстанымы – жас ұрпақты жасанды интеллект пен интернетті саналы әрі қауіпсіз пайдалануға үйрету.






