Қазақстанда өңірлік экологиялық саммит өтеді
Бұл бастама – өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және тұрақты экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге бағытталған Қазақстанның дәйекті саясатының қисынды жалғасы.
Биыл 22-24 сәуір аралығында Қазақстанда Өңірлік экологиялық саммит өтеді. Маңызды халықаралық іс-шараны елімізде өткізу бастамасын Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясында көтеріп, халықаралық қоғамдастықтың қолдауына ие болды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымы-мен серіктестікте өткізіледі. ЮНИСЕФ, Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттік және Халықаралық энергетикалық агенттік сияқты ірі ұйымдар негізгі сараптамалық және мазмұнды қолдау көрсетеді. ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың айтуынша, саммит нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған.
Оның айтуынша, саммитке қатысу үшін қазірдің өзінде 2800-ден астам адам тіркелген, оның ішінде мыңнан астамы – шетелдік қатысушылар. Сондай-ақ 93 жоғары деңгейдегі қонақтың, оның ішінде мемлекет басшыларының, халықаралық ұйым жетекшілерінің, министрлер мен делегация басшыларының қатысуы күтілуде.